Доссор – Құлсары тас жолының 66 шақырымы жөнделіп жатыр
Доссор – Құлсары тас жолының 66 шақырымы орташа жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жалпы бұл бағыттағы жол сапасы сын көтермейді. Кейінгі жылдары жол апаты жиілеп кеткен. Соңғы 7 айда өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарда 51 жол-көлік апаты болып, 32 адам көз жұмды.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Доссор – Құлсары тас жолы көрші облыстарды айтпағанда, көршілес елдермен де байланыстырады. 2009 жылы салынған республикалық маңызы бар жолмен жоба бойынша тәулігіне 3000-ға дейін автокөлік жүруі керек. Ал қазіргі жүктеме 7 мыңнан асады. Соның салдарынан жолдың жағдайы нашарлаған.
Салынғанына 15 жыл болған күре жолдың бүгінгі сиқы осы. Ой-шұқыры көбейген. Жүргізушілер жолдағы апаттар та осының салдарынан деген ойда.
Асылбек Бейсенов, қала тұрғыны:
- Талай жанұя зиян шегіп, талай адам мүгедек болып, зиянын келтіріп жатыр. Соның бәрін қарастырып, қазіргі заманда көлікпен қыдыратындар бар, әрі-бері жүретіндер бар, шаруа жасап, такси болып анда-мында баратындар бар, солардың көбінде жолдың кедергісі, сапасыздығы сын көтермегендіктен талай нәрсе болып жатыр ғой.
Республикалық маңызы бар жолдың биыл 66 шақырымына орташа жөндеу жүргізіледі. Мердігер мекеме жұмысты бастап кетті. Оған 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. «Ал күрделі жөндеуге әлі 5 жыл уақыт бар», - дейді жауаптылар.
Аслан Дүйсенов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:
- Жөндеу арасындағы мерзім деген бар әрбір ненің. 20 жыл қазіргі таңда өткен жоқ. Жөндеу арасындағы мерзім, мына күрделі жөндеу немесе қайта жаңғырту жұмыстарының Жөндеу арасындағы мерзімі – 20 жыл болуы керек. Дегенмен қаражат бөлінген жағдайда осы жұмыстарды атқаруға атсалысатын боламыз.
Жауапты мекеме өкілі «жолдың мерзімінен бұрын тозуына бірнеше фактор әсер етеді», дейді.
Аслан Дүйсенов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:
- Бұл жол үшінші техникалық санаттағы жол болғандықтан, ең бірінші талаптарыныың бірі – автомобиль тәулігіне 1 мыңнан 3 мыңға дейін жүруі керек. Қазіргі таңда өздеріңіз байқап отырғандай, біздің статистикаға сәйкес 5 мыңнан 7 мыңға дейін автомобиль жүріп жатыр. Екінші бір айта кететіні, әрбір жүк көліктерінің оське түсетін салмағы 3-санатты болғасын 8 тоннаға, бір жерде 10 тоннаға есептелген.
Өңірде биыл 14 мың шаршы метр жолдың ой-шұқыры тегістеледі. Сондай-ақ жол жиегін тазарту, белгі сызу жұмыстары атқарылады. Оған 986 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ жол сапасын жақсарту мақсатында өзге де жобалар бойынша тендер жарияланған. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін жөндеу жұмыстары басталады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин