Шағын авиация саласы қатаң бақылауға алынады

Жыл басынан бері елдің шағын авиация саласында 10 ұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды 24kz.

Мұндай деректі Көлік министрлігі мәлімдеді. Оқыс оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Ал саладағы қауіпсіздік шаралары қалай күшейтілмек? Рұқсатсыз ұшатындарға шара қолдана ма? 

Өткен аптада ғана Жетісу облысының Ақши ауылы маңында Алакөлге шағын ұшақ құлап, салдарынан 2 адам зардап шеккен болатын. Қазір осы болған жағдайды құқық қорғау органдары тергеп жатыр.

Мәлік Қайбар, Жетісу облысы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары:

- ҚР ҚК 344 және 306-баптары бойынша қылмыстық істер тіркелді. Оқиғаның себептерін анықтау үшін бірқатар сот-сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады. Аталған қылмысты жасағаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жасазы заңмен қарастырылғандығын хабарлаймыз.

Құлаған ұшақ азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген. Оған қоса, әуе кемесін басқарған ұшқыштың арнайы куәлігі де болмаған. Бұл жөнінде азаматтық авиация комитеті мәлімдеді. Елде осындай ұшуға жарамды деген сертификаты жоқ шағын авиация саны 100-ге тартады.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі

- Әрбір ұшу аппаратына бір жыл немесе үш жыл болсын, белгілі бір уақытқа ұшуға жарамдылық сертификаты беріледі. Бізде 243 АН ұшағы болса, оның 94-інде ғана сертификат бар, қалғаны рұқсатсыз ұшады.

Енді Көлік министрлігі шағын авиацияға қатысты қауіпсіздік талаптарын күшейтпек. Қазіргі таңда министрлікте әуе қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы ұйымдар бар. Олар АН-2 ұшақтары бойынша деректер жинақтап, кезектен тыс қатаң тексеріс жүргізбек.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Нормативтік база жаңартылатын болады. Барлық деректер жиналады, ол кімнің атына тіркелген, қай жақта, қалай ұшады. Кейбіреулері туристік мәнде қолданылады, кейбіреулері көктемгі уақытта егін егу жұмыстары басталады, сол уақытта пайдаланады. Сондықтан соның барлығын бір жинап, тіркеп, жаңадан жүйе, жаңа база қалыптастыру керек.

Айта кетейік, жыл басынан бері министрлік тарапынан 11 кезектен тыс тексеру жұмыстары жүргізілді.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Әнел Еділқызы