Елімізде 13 мыңға жуық адам алименттен қашып жүр
Елімізде, алимент төлеуден жалтарған борышкерлердің саны жыл сайын көбейіп барады, деп хабарлайды 24kz.
Қазіргі уақытта 13 мыңға жуық адам өз баласына қамқорлық танытудан қашып жүр. Олардың балалары алдындағы қарызы 14,6 млрд теңгеге жеткен. Заң жүзінде борышты өндіруге қатысты, көптеген шаралар қолға алынса да, көрсеткіш көңіл көншітпей тұр. Неліктен?
Қазақстанда алиментке берешегі бірнеше миллионнан асатын мыңдаған борышкерлердің бірі – Олег. Айтуынша, 4 жыл бұрын отбасымен ажырасқан. Қазір мойнында екі миллиондай қарызы бар.
Олег Қала, тұрғыны:
- Мен қазір қашып жатқан жоқпын. Әркез үйдемін, ешқайда кетпеймін. Әйелім екеуміз ажырасып кеттік. Жағдай солай болды. Бала үшін екі жылдай алимент төлеп келдім. Шамам келгенше төлей беремін. Мүмкін әйелім екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасымыз жақсы болып кететін шығар деген үміттемін.
Құжат құшақтаған сот орындаушының қолында Олегтен басқа мың жарым борышкердің мекенжайы бар. Бұл тек Астана қаласы бойынша ғана. Үй-үйді аралаған маман кикілжіңнің көбі екі тараптың түсініспеушілігінен болады. «Ортада бала зардап шегеді», - дейді.
Гаухар Мақсотова, жеке сот орындаушысы:
- Бір-біріне ерегесулеріне байланысты төлемейді көбісі. Борышкер келеді жұмысқа шықпаймын, төлемеймін деп. Өйткені маған баланы көрсетпейді дейді. «Заң бойынша мен алимент төлеген соң, баланы көруім керек» дейді. Оған өндіріп алушы «Жоқ маған алиментті бірінші төлесін, баланы сосын көрсетемін» дейді. Кейбіреулері жұмысқа тұрмайды. Жұмыс істемесем, алимент төлемеймін деген жағдайлары болады. Ол - қате түсінік.
Мамандар жұмыссыз қалған борышкерге арнайы жәрмеңке де ұйымдастырылатынын айтады. Сол арқылы уақытша жұмыс көзін табуға болады екен. Қалай болған күнде де борышкердің жалтаруына болмайды. Арнайы рейдке шыққан мамандар тағы бір қала тұрғынын ұстап, көлігін автотұраққа жөнелтті.
Асылхан Әжіханов, жеке сот орындаушысы:
- Өзімнің өндірісімде 35-тен астам іс бар. Алимент өндіру бойынша. Қазіргі борышкердің көлігі ұсталды. Оның қарызы 3 млн-нан астам сомасы. Бүгінгі таңда төленбей жүргендердің 18-ден астам құжаты бар. Осының бәріне шара қолданып жатырмыз.
Жыл басынан бері елорданың өзінде алимент төлеуден жалтарған 90-ға жуық азаматтың көлігі ұсталып, автотұраққа тоғытылған. Ал соңғы екі жылдағы статистикаға сүйенсек, борышкерлердің саны 2 мыңға жеткен. Берешек көлемі миллиардтан асады.
Дәурен Онласын, Әділет департаментінің бөлім басшысы:
- Олардың берешек сомалары 2,1 миллиардқа жуық. Бүгінгі таңда біз полиция қызметкерлерімен бірлесіп және жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, жалтарып жүрген борышкерлердің автокөліктерін ұстап, автотұраққа қою мәселелерін жасап жатырмыз. Автотұраққа қою себебі, қашып жүрген борышкерлердің машинасын «оценка» жасап, өндіріп алушының берешегін жабу үшін жасалып жатыр.
Мәселен, биылғы жылдың басынан бері ел аумағында 144 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 421 көлік арнайы тұраққа қойылды. Сол арқылы борышкерлерден 300 миллион теңгеге жуық қаражат өндірілген.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Наурызбай Құрманғазы, Ырыстанбек Оспанов