Ақтауда 22 шақырым жылу құбыры жаңғыртылады

Ақтауда 2026 жылға дейін 22 шақырым жылу құбыры ауыстырылады, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл соның жартысын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев құрылыс барысын көріп, межеленген мерзімнен ерте бітіруді тапсырды. Сонымен қатар Каспий су тұщыту зауытына барып, кәсіпорын қуатын күшейту жұмыстарымен танысты.

Ақтауға жылу «Маэк» энергокомбинатынан құбырмен беріледі. Кәсіпорын қаладан 13 шақырым жерде орналасқан. Былтыр мердігер мекеме шаһардың төменгі аудандарында жылу желілерін жаңғыртуды бастады. Жоба аясында орталық жылу бекетінің іргетасы қаланып, есеп торабының ғимараты салынды. Сондай-ақ №2 орталық сумен жабдықтау торабынан орталық бекетке дейінгі 4,5 шақырымдай аумақта пенополиуретанмен қапталған су құбыры жүргізілді.

Валерий Монид, мердігер мекеме өкілі:

- Жаңадан төселіп жатқан құбырлардың жылу өткізу қабілеті жоғары. Ескірген құбырдың диаметрі 530 болса, қазіргісі – 720 миллиметрлік. Өз кезегінде Ақтауға жылуды бұрынғыдан көп мөлшерде беруге болады. Ал қалаішілік құбырлардың диаметрі сол күйінде қалдырылды. Алдын ала есеп бойынша бұл тұрғындарды жылумен қамтуға жеткілікті.

Энергокомбинатта 9 қондырғы теңіз суын тұщытады. Кәсіпорын күніне 52-55 мың текше метр тіршілік нәрін өндіріп, облыс орталығына беріп отыр. Энергетикалық мекеме Ақтауды жылумен де қамтамасыз етеді. Қазір мамандар алдағы жылыту маусымына қызу дайындық үстінде. Жоспар бойынша жылу қазандықтары 15 қазанға дейін толық ретке келтірілуі тиіс.

Айсұлтан Сардарбеков, энергокомбинаттың бас директорының орынбасары:

- Магистралды құбырлардың барлығын ауыстырып, жаңартып, қыс мезгілінде тоқтау болмасы үшін жасалып жатқан жұмыстар. Шамамыз келгенше. Бізде Каспий су тұщыту зауыты бар. Қазір соның көмегімен енді халықты сусыз қалдырмай, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп ойлап отырмыз.

Таяуда Каспий тұщыту зауытында тәулігіне 5 мың текше метр ауызсу өндіретін қондырғы іске қосылды. Тамыз аяқталғанша тағы бірнеше қондырғы қолданысқа беріледі. Осылайша, зауыт қуаты екі есе, яғни 40 мың текше метрге ұлғаяды. Бұл – Президент тапсырмасына сәйкес Маңғыстауда су тапшылығын жою үшін жасалып жатқан ірі жобаның бірі. Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.