ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы петицияны министрлік ішінара қолдайды
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы петицияны ішінара қолдайды.
Бұл туралы ведомство басшысы Аида Балаева айтты. Министрдің сөзінше, аталған өтініш бойынша жұмыс тобының екі отырысы өтіп, ауқымды сараптамалық талқылаулар өткізілді. Бірақ бұл петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін жеткіліксіз. Дегенмен Мәдениет және ақпарат министрлігі кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан петицияны ішінара қолдайды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 10 маусымында Мәдениет және ақпарат министрлігіне ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға толық тыйым салу туралы өтініш келіп түскен болатын.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Петиция тақырыбы бойынша халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар ұсынған пікірлер, ұсыныстар мен дәлелдер, зерттеу материалдары мен үндеулердің барлығы назарға алынды. Дегенмен бұл жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Зерттеулер мен талқылаулар қазіргі уақытта бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерттеп, оны реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу керектігін көрсетті.