Павлодар облысында локомотив паркі жаңарды
Биыл Ертіс өңірінде шойын жол төселіп, алғашқы пойыздың келгеніне 100 жыл болды.
Бірінші паровоз 500 тонна жүк жеткізген. Сол кезде ағаштан салынған бір қабатты вокзал үйі болған. Бүгінде теміржол депосы қарқынды дамып, заманауи вокзал салынды. Автоматтандырылған басқару жүйесіне көшкен бекет елдегі ең ірі темір жол торабының біріне айналды.
Павлодар станциясы Қазақстанның солтүстігіндегі ең ірі сұрыптау орталығы. Мұндағы технологиялық үрдістер автоматтандырылған жүйеге негізделген. Ол ұзындығы мен салмағы жоғары транзиттік вагондардың жұмысын реттеуге мүмкіндік береді. Бұл жүйені Павлодар станциясы 2019 жылы енгізді.
Марат Жүнісов, магистральды желінің директоры:
- Бұл жүйе кез келген деңгейдегі жұмысты сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Ол бақылау, қаржылық жариялылық. Пилоттық жоба қазір Қазақстан бойынша енгізіліп жатыр.
Әр саланың өз қиындығы бар. Автоматты жүйе адамның қол еңбегін алмастыра алмайды. Қоғамда теміржолшы кәсібі ең құрметті мамандықтар қатарында. Солардың бірі пойыз құрастырушы мамандығы. Бұл жоғары жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін жұмыс.
Талғат Құдиярбеков, пойыз құрастырушы:
- Біз ауысыммен жұмыс істейміз. Ауа райына қарамастан ашық алаңда, яғни далада жүреміз. Қандай құрам екенін, вагондарға не тиелгенін анықтаймыз. Құрамды санына қарай дұрыс бекіту, жолдың жайын қадағалау біздің құзыретімізге кіреді.
Махмұд Садықовтың вагон құрастырушы болып жұмыс істегеніне 30 жыл болыпты. Теміржолға жас кезінде келген. Ұлы да әке жолымен теміржолды таңдапты. Мерейлі жылда шалғайда жатқан Алтынтау бекетінің жұмысшысы құрметті теміржолшы атанды. .
Махмұд Садықов , құрметті теміржолшы:
- Жұмысым қиын деп айта алмаймын. Тек мұқият болу керек. Жауапкерлішікпен қарап ақаулар мен жарақаттарға жол берілмеуін қадағалаймын. Мен үшін жұмысқа келіп, отбасыңа аман-есен оралу маңызды.
Темір жолды электрлендіру Павлодар темір жол торабы тарихындағы жаңа кезең болды. Осыдан 20 жыл бұрын Ертіс өңірінде алғашқы электровоздар пайда болды. Он жылдан кейін олар Павлодар локомотив депосы теміржол паркінің біраз бөлігін құрады. Павлодар станциясымен бірге депо қызметкерлері де жүз жылдықты атап өуе.
Алмас Төлеубаев, локомотив депосының бастығы:
- Бүгінгі таңда біздің локомотивтер паркі 90 пайызға жаңартылды. Барлық локомотивтер жаңа технологиялармен жабдықталған. Бұл пойыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Павлодар мен Ерейментау станцияларының да құрылғанына биыл 70 жыл. Теміржолшылар күні қарсаңында сала еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков