БҚО-ның екі ауданында төтенше жағдай жарияланды

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарында және Жаңақала, Казталов аудандарының бірнеше ауылында жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланды.

Аудан тұрғындарына жем-шөпті тасымалдауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Шаруа қожалықтарына аналық малға субсидия төленеді.  Әйтпесе қуаңшылық пен қаптаған киіктің кесірінен мал азығын дайындау мүмкін болмай тұр.

Саян Баетов - жас фермер. Ай-ти маманы алты жыл бұрын ауылшаруашылығымен айналысам деп туған жері Бөкей Ордасына оралыпты. Бірақ осы мезгілде мал өсірудің машақаты мол екеніне әбден көзі жетті. Жиі қайталанған қуаңшылық пен қалың киіктің кесірінен даланың оты қашқан. Салдарынан төрт түлік қысқа қоңсыз кіреді. Көтерем мал мыңдап қырылады. 

Саян Баетов, шаруа қожалығының жетекшісі:

 - Былтыр сондай өлтірді. Биыл тағы сол қайталанып жатыр. Былтыр шөп қорымыз болды. Алдыңғы жылдан қалған. Биыл оны тауыстық. Жыл сайын  500-600 рулон шөп шауып жүрген жерлерден 100-150 рулоннан аса алмай тұрмыз.  

Биыл да Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарында қар кеткелі жөндеп жаңбыр жаумаған. Азғантай шөпті киік отап тауысқан. Шабындық  түгілі жайылым жетіспейді. Бір бума шөп 10-15 мың теңге. Оның өзі 300-400 шақырым жерден тасымалданып жатыр.

Нағым Тәжімұратов, аудан тұрғыны:

 - 7- 400-500 шақырым жерде шөп бар дейді. Оны жеткізіп алуға кез келгенінің мүмкіндігі жоқ. Мал өсіріп отыр да, кейбірінің техникасы жоқ. Сосын жол қатынасы біздің жаққа асфальт салынып біткен жоқ.  Қазір киіктің басы көбейгені сонша, ине шаншар жер жоқ деуге болады.  Киіктің басын азайтса шектеулі шамада ұстап, шаруалар еңбектенеді. Ауа райы, табиғатқа біз өзіміз мүмкіндік бермей отырмыз. 

Шаруалардың жанайқайы жоғарыға жетті. Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарында және Жаңақала, Казталов аудандарының іргелес бірнеше ауылдарында төтенше жағдай жарияланды. Енді қожалықтарға мал азығына деп әр аналық сиырға 22 мың 500, саулықтарға 3300 және биелерге 8300 теңге көлемінде субсидия төленбек. Оған 3 млрд 260 млн теңге керек екен. Жеке тұрғындар да мемлекет қолдауынсыз қалмайды. 

Жасұлан Халиуллин, облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: 

- Қаржы басқармасына бюджеттік өтінім жіберіп, бүгінгі таңда облыстық комиссияның қолдауын тапты. Алдағы уақытта жұмыстар алгоритмге сәйкес жүргізіледі. Жеке тұрғындардың мал азығына субсидиялау мәселесі қарастырылмайды. Сол себепті екінші жолын қарастырып жатырмыз.  Ол дегеніміз елді мекендердегі жеке тұрғындар басқа аудандардан немесе алыс жерлерден мал азығын сатып алып тасымалдап әкелген жағдайда сол сатып алған бағамен  тұрғындарға жеткізіп беру яғни тасымалдау шығынын төтенше жағдай аясында мемлекет тарапынан төленетін болды. Бұл жұмыстар қолға алынып жүргізілуде. 

 Батыс Қазақстан облысы еліміздегі ең малды аймақтардың санатында. Өңірде 1 миллионнан астам зеңгі баба тұқымы, 350 мыңдай жылқы, 2 млнға жуық қой-ешкі бар. Соның 70% оңтүстіктегі аудандарда. Алайда кейінгі кездері киіктің шектен тыс көбеюі мал шаруашылығын тығырыққа тіреп отыр. Шаруалардың пікірінше, келешекте киік санын реттемей, ауылшаруашылығының алға басуы екіталай.