Ақтөбе облысындағы 12 балабақшада күрделі жөндеу жүріп жатыр

Ақтөбе облысында ұзақ жыл жөндеу көрмеген Шұбарқұдық ауылындағы жалғыз балабақша қайта жаңартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Мектепке дейінгі ұйымның мүшкіл халін жергілікті тұрғындар тиісті мекемелерге талай жеткізген еді. Әсіресе, төбесінен су ағып, салқын кезде іші жылуға жарымағанын айтты. Енді облыстық бюджетте қаралған 120 млн теңгеден астам қаржы көмегімен нысан жаңа кейіпке еніп жатыр. Бүгінде өңір бойынша дәл осындай 12 балабақшада жөндеу басталған.

Темір ауданының Шұбарқұдық ауылындағы балабақша 1997 жылы пайдалануға берілген. Содан бері бір рет жөндеу көргенімен, бүгінге дейін әбден тозыпты. Мектепке дейінгі мекеменің жағдайы елді мекен тұрғындарын да толғандырған.

Аягөз Мыңбаева, Шұбарқұдық ауылының тұрғыны:

- Мынау ауылымыздағы бір садик. Төбесінен су ағып тұрды, едендері де онша болған жоқ. Мейрамдар болады, өткізеді, сонда келіп жүрдік. Салқын болғанын көзіммен көрдім. Енді міне, қуаныштымыз, бүкіл ел қуанып жатыр.

75 балаға арналған нысанда күрделі жөндеу жұмысы сәуірде басталған. Содан бері есік-терезелері жаңартылып, әбден тозған су мен жылу және кәріз желілері ауыстырылды. Едені де қайта төселіп жатыр. Бұл іске 20-ға жуық жұмысшысын тартқан мердігер мекеме нысанның ішкі жұмысынан өзге, сыртқы қасбетін де жаңалап бермек. Ал, мұнда келіп жүрген балалар қазір ата-аналарының қасында. Жөндеу біткен соң қайта оралады.

Ғалым Ерғалиев, мердігер ұйымның өкілі:

- Кафель жұмыстарын жүргіздік. Линолеум ауысып жатыр, қосымша батареялар салып жатырмыз. Төбесін жасадық. Біздің мерзім тамыздан 15-іне дейін. Бірақ осы шілденің аяғына тапсыруға дайындалып жатырық.

Әсел Жұмаева, балабақша меңгерушісінің м.а.:

- Мына жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, барлығы біткеннен кейін балаларды қабылдау қайта басталады. Барлық топ толық болады деп сенімдеміз. Ауылда бала бар.

Темір ауданы бойынша екі мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатқан 17 балабақша бар. Соның бірінде ғана күрделі, ал қалғандарында ағымдағы жөндеу жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бала санының көптігінен тағы бірнеше нысанға қажеттілік туындап тұр.

Азамат Өсербаев, Темір аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Балабақшаға қажеттілік бар әлі де бізде. Жалпы қажеттіліктің көлемі қазір 200-ге жуық саны. Қазір аудан бойынша біздерде 150 орындық бір балабақша, сонымен қатар 75 орындық тағы да бір балабақша салып жатырмыз.

Жалпы облыста 606 мектепке дейінгі ұйым болса, соның 12-сіне күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 2 млрд 851 млн теңге бағытталған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев