«Ауыл аманаты»: Биыл БҚО-да ₸1 млрд игерілді

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқасында Батыс Қазақстан облысында 1140 тұрғын жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – былтырғы көрсеткіш. Ауылдағы ағайынға 6,5 миллиард теңге несие берілді. Биыл да өңірге осынша қаражат қаралған. Күні бүгін 1 миллиард теңге игеріліпті. Тұрғындардан түскен өтініштерді зерделеу барысында бұрынғыдай тек мал шаруашылығы емес, кәсіпкерліктің өзге бағыттарына да басымдық берілген.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз қазір Барбастау өзенінде тұрмыз. «Қалауын тапса қар жанар» деген жергілікті кәсіпкер «Ауыл аманаты» бойынша несие алып, мынадай шағын бассейндерде, судың ішіндегі бассейндерде тұқының тұқымын көбейтіп жатыр. Әрқайсысы 50 грамдық шағын шабақтар күзге дейін 700-800 грамдық үлкен балықтарға айналмақ.

Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылының тұрғыны – 35 жастағы Берік бұрын құрылыспен айналысқан. Алайда маусымдық жұмыспен тұрақты табысқа қол жеткізу қиын. Осыны ескере келе, биыл кәсіпкерлікке бет бұрыпты. Екі ауылдасымен бірігіп, кооператив құрған. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 18 миллион теңге несие алған. Бір тракторды лизингке рәсімдеген. Балық өсіруді бастаған.

Берік Пушкин, кәсіпкер:

- Мансап орталығынан бір ихтиолог оқытылып жатыр. Сосын бір технолог. Ихтиолог балықтың жағдайын, судың жағдайын қарап отыруға неше түрлі аурулары болады. Сосын жағасына бір бассейн қаздық. Онда форель балығы. Форель балығына үлкен суда батыстың табиғаты келмейді. Оған салқын керек. Сосын тағы бір нормативтері бар. Сосын жағдай жасасаң, өсетін балық. Оны да өсіруге болады.

Өзеннің 22 шақырымдық бөлігін жалға алған кәсіпкер суға 7500 амур, дөңқабақ, тұқы шабақтарын салыпты. Керекті балық көлемін жергілікті аграрлық университет ғалымдары анықтапты. «Мал өсіруге қарағанда балық өсірудің тиімділігі мол», - дейді Берік.

Берік Пушкин, кәсіпкер:

- 18 ай каникулмен алдық біз. Каникул біткенше игеріп, толықтай жабамыз деген үміттеміз. Қазір ешқандай проблема жоқ. Жем жеп жатыр, өсіп жатыр. Ауыл сөрелеріне шығады. Одан қалды аудан бар. Одан қалды облыс бар. Қазір Оралда балықты сатудан ешқандай проблема жоқ. Үлкен көлемде жүріп кеткен жағдайда өңдеуді де ашамыз ба деген ойымыз бар.

Берік секілді өз ісімді ашам деген батысқазақстандық азаматтарға биыл 6,3 миллиард теңге несие берілмек. Тұрғындардан түскен өтініштерді қарау барысында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңдеу-өндіруге басымдық беріледі.

Ержан Досмақов, «Ақжайық» ӘКК басқарма төрағасы:

- Былтыр несие шілде айынан бастап берілді. Сол себепті 87%-ке жуығы мал шаруашығына берілді жылдың қорытындысы бойынша. Биыл ауылдық жерде кәсіптің түрлері – ол жаңағы ауылдық жерде өндіру цехтарын ашу, өсімдік шаруашылығы, жылыжайлар, су бар жерлерде суларды пайдаланып, көкөніс, бау-бақша егу, одан басқа ауылдық жерде етті бағытта, жұмыртқалағыш тауықтарды өсіру осыларға бағыт бұрдық.

Күні бүгін өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңге игерілген. Ал жалпы 447 жоба мақұлданған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Б. Жарылғасов