Құлсары қаласын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Қазір суда қалған мектептер жөнделіп, жырылған жолдар жөнделуде. Абаттандыру жұмыстары да қарқынды. Жылыой ауданындағы қазіргі ахуал туралы арна тілшісі тарқатады.

Көктемгі тасқын кезінде Құлсары қаласында 11 білім беру ұйымының ғимараты суда қалды. Білім ошақтары судан тазартылғаннан кейін дереу техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемелер жөндеуге кіріскен. Мектептерді қалыпқа келтіру үшін бюджеттен 842 миллион теңге бөлінді. «Жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталады», дейді жауаптылар.

Гүлжансара Таңатарова, Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қазір бір балабақшаның ғимараты апаттық деп танылып отыр бізде. Қалған екі балабақшаның 4 ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр қазіргі таңда. Сонымен қатар 5 мектеп ғимаратының екеуі ескі ғимараттар. Осылар апаттық деп танылды. Қалған 3 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Тасқын су Құлсары қаласының ішіндегі автокөлік жолдарын да бүлдірді. 12 шақырым қалаішілік жол қазір жөнделіп жатыр. Бүгінде 6 шақырымға жуық жол қалыпқа келтірілді. Бұған бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген.

Бекет Бозжігіт, Жылыой аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Жұмыстар екі бригадаға бөлінеді. Тағы бір бөлігі Ақкиізтоғай ауылдық округінің кірме жолы. Яғни, аудандық маңызы бар автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Қазір 40-қа жуық қызметкер бар.

Қазір Құлсары қаласын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Балалар ойын алаңы, спорт алаңы және демалыс саябағы салынуда. Бұл жұмыстарға 3,5 млрд теңге бөлінген. Қазір соның 1 млрд-ы игерілді.

Қадыржан Адинов, Құлсары қаласының әкімі:

- Бұл жұмыстар аясында қаладағы барлық көпқатарлы тұрғын үйлер аулалары абаттандырылады. Нақты айтатын болсақ, 30 аула абаттандыру жұмыстарына жатады. Сонымен қатар қаланың 11 ықшам ауданында әмбебап балалар ойын алаңдары салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың ерекшелігі – балалар ойын алаңдары мен спорттық алаңдар мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналған.

Құлсарыда жаяу жүргіншілер және веложол салу да қолға алынған. Қала бойынша 39 көшеге жалпы көлемі 77 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы салынады. Құрылыс жұмыстары қазан айына дейін аяқталады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин