Көлік қызметкерлері күні: теміржолда 110 мың адам еңбек етеді
Бүгін елде Көлік қызметкерлері күні.
Сала мамандары тамыз айының алғашқы жексенбісінде кәсіби мерекені атап өтеді. Қазір теміржолда 110 мыңнан астам қазақстандық еңбек етіп жүр. Оларға жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Жолаушылар мен жүкті уақытылы әрі қауіпсіз тасымалдау біліктілік пен ептілікті талап етеді.
Пойыздардың кестеге сай жүруін ұдайы қадағалап отыру Ержан Серімбетовтің тікелей міндеті. Диспетчер жарты тәулік бойы жан-жақтан түскен қоңырауларға жауап береді. Анасы да теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіпті.
Ержан Серімбетов, пойыз диспетчері:
- Егер жоспарлап, бәрін істеп алсаңыз, жұмыстың қиыны жоқ. Ал дұрыс жоспар құрмасаңыз, ол «цепочка» есебінен бәрі бірін-бірі іліп кете береді. Еңбек жолында осы саланы таңдағаннан кейін осы саламен қаламыз. Болашақта балаларды да осы салаға бағыттаймын. Мен мамамның артынан, менің балаларым әкесінің артынан деген сияқты.
Ал Оразалы Қуандық әр жұмыс күнін жолда өткізеді. Ол жүк және жолаушылар пойызын басқарып жүр. Бұл қызметтің жауапкершілік жүгі ауыр. Машинист жедел әрекет етудің арқасында теміржол үстінде жаяу бара жатқан адамды құтқарып қалыпты. «Сондықтан салада тәжірибемен қатар қырағалық пен ептілік қажет», – дейді ол.
Оразалы Қуандық, пойыз машинисті:
- Таңның атуы мен күннің батуы өзінің ерекше бір қасиеті бар ғой, соған қарап, соған тартылып, теміржолды таңдадық. Қазіргі таңда таңдауыма өкінбеймін. Әрқашанда мақтанатын мамандық.
Бұл салада 110 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Жолаушылар мен жүк тасымалдауда әрқайсының рөлі маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес теміржол көлігі инфрақұрылымын жақсарту және бағыттарды кеңейту мақсатында ірі жобалар қолға алынды.
Ербол Түсіпов, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдың құрылысы жүріп жатыр. Алматы стансысы торабын айналып өтетін теміржолдың құрылысы да басталды. Сонымен қатар Бақты-Аягөз, Дарбаза-Мақтарал теміржол желілерінің жобалары қолға алынды. Бұл жобалар кәсіпорынның ғана емес, тұтас елдің логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Кәсіби мереке қарсаңында теміржолшыларға құрмет көрсетіліп, 2,5 мың маман марапатталды. Оның ішінде 100 адамға «Құрметті теміржолшы», 200 адамға «Адал еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Өрден Жарқын.