Абай облысында теміржолшылар әулеті тұрады

Абай облысында теміржол саласындағы еңбек өтілі 7 ғасырға жететін әулет тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Көкенай Еңсебаевтың қызмет жолын қазір немере-шөберелері жалғап келеді. 6 баласы әке жолын қуған.

Көкенай Еңсебаев 1943 жылдан бастап 1992 жылға дейін Аягөз қаласындағы теміржол станциясында қызмет еткен. Ауданда Еңсебаевтар әулетін білмейіндер кемде-кем. Арғы аталарынан бері теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан өнегелі отбасы үшін адал еңбектің орны бөлек.

Ерлан Хасенов, Аягөз теміржол станциясы бастығының м.а.:

- Мен өзімнің ағаларымнан еститінмін, ол кісінің әкелері де теміржолшы болған. Мен оның қызы Меруерт Көкенаевнамен 15 жылдай уақыт бірге істедім. Жұмыс тәжірибесі өте мықты. Кешігіп келу деген болмайтын. Тиянақты адам. Ұлы да сондай.Тұқымдарымен жұмысқа өте тиянақты енді.

Берікқазы Мұхаметқалиев теміржол саласында 12 жылдан астам уақыт тер төгіп келеді. Ол – Көкенай Еңсебаевтың жиен немересі. Осы әулетте теміржол саласын таңдағандардың кенжесі. Білікті техник-оператор шығыстағы жолаушылар қозғалысын реттеп отырады.

Берікқазы Мұхаметқалиев, вагон операторы:

- Қазір олардың бәрі зейнет демалысында. Одан кейін ол кісінің немерелері, мен де немересімін, бәріміз атамыздың артынан ізбасары болып, теміржол саласында жүрміз. Жұмысқа ең алғашында кірген кезде қиын болады. Бірақ уақыт өте келе үйренесің, етің пісіп алады. Бұл жұмыс сенің өміріңнің жартысына айналады. Одан шаршамайсың, шаршасаң да, ол – «приятная усталость».

Отбасының тірлігі теміржолмен біте қайнасып жатыр. Көкенай Еңсебайұлының қызы Меруерт 43 жыл бойы осы салада қызмет етті. Өмірін теміржолмен байланыстырғанына өкінбегенін айтады.  

Меруерт Еңсебаева, ардагер теміржолшы:

- Демалыс күнінде жұмысты сағынып тұратынбыз. Қарап тұрсам, бар өмірім теміржолмен байланысты ғой енді. Жолдасымды да осы теміржолда кезіктірдім. Ол да осы ПТО-да «осмотрщик» болып жұмыс істеді.

Еңсебаевтер әулетінің әр мүшесі осы салада 15 жылдан 45 жылға дейін жұмыс істеген. Олардың теміржолдағы жалпы еңбек өтілі – 750 жыл. Зейнеткерлікке шыққан әулеттің үлкені Роза Еңсебаеваның қос қызы да осы  салада.

Роза Еңсебаева, ардагер теміржолшы:

- Жолдасымды да осы жерден таптым. Бір-бірімізді осы теміржолда кезіктірдік. Менен кейінгі бауырларым да теміржолда. Келіндерім де теміржолда, олардың балалары да теміржолда. Күйеу балалар да теміржолда.  Сонда санап келгенде жалпы еңбек өтіліміз 700 жылдан артық болады екен. Әкеміздің тәрбиесін көріп өстік. Уақытылы барып, уақытылы қайтуды бәрін сол кісіден үйрендік. Әке 1943 жылдан 1992 жылға дейін сол бір депода істеген.

Еңсебаевтер әулетінің әр мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп отыр. Үлкен шаңырақта қазір үшінші буын теміржол саласында еңбек етіп жатыр. Бұл әулет үшін әкелерінің жүріп өткен жолы мен абыройы қымбат.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.