Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы мемлекет меншігіне қайтарылды
Шымкентте тағы бір саябақ мемлекет меншігіне қайтарылды. Апеллияциялық сот ұзаққа созылған дауға нүкте қойды, деп хабарлайды 24KZ.
Жер телімі 2009 жылы балаларға арналған ойын-сауық орталығын салу мақсатында жергілікті кәсіпкерге жалға берілген. Алайда саябақта уәде етілген ойын алаңы салынбаған. Қалалық жер ресурстарын басқару департаменті жалға беру шартын жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа шағым түсірген еді.
15 жыл бойы жекеменшікке жалға берілген «Қиял әлемі» технопаркі қайтадан коммуналдық меншікке өтті. Себебі жалға алған кәсіпкер келісімшартта көрсетілген міндеттемені орындамады. Әкімдік пен кәсіпкер арасындағы жер телімдерін жалға беру шартында саябақта қандай да бір күрделі құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Алайда Жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары мұнда сауда алаңдары, дүкен, қоғамдық тамақтану орындары сияқты 8 нысанның түскенін анықтады. Бұл сотта нақты дәлел болды. Департамент мамандары мына ақылы автотұрақтың орында жасыл аймақ болуы тиіс екенін айтады.
Дархан Мұхамедиев, Жер ресурстарын басқару департаменті құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
- Саябақ аумағындағы жер телімі өз мақсатында пайдаланылмаған. Сондықтан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берілді. Ал сот шешімімен департаменттің талап арызы толығымен қанағаттандырылды. Апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
Бұл – шахардағы мемлекет меншігіне қайтарылып отырған екінші саябақ. Бұған дейін «Кең баба» саябағына қатысты да осындай шешім қабылданған болатын. Көпшілік демалатын саябақтардың мемлекетке қайтарылуын қала тұрғындарына да құптайды.
Сауалнама:
- Осылай демалған дұрыс қой. Мемлекетке қайтарылғаны дұрыс деп ойлаймын. Осылай отырған жақсы, тыныш. Осы төңіректе бизнес орындарының аз болғаны жақсы.
- Саябақ деген халықтың демалатын орны болу керек. Халық демалу керек. Үкіметке берілсін. Үкімет қарайды, Үкіметтің мүмкіндігі бар. Ал жекеменшік қарамайды ол.
Саябақтар енді қайта жөндеуден өтеді. Көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, заңсыз салынған құрылыстар жалға алушының есебінен сүріледі.
Нұрбол Жүнісбеков, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Қаланы дамыту, қаланың көркін келтіру мақсатында барлық көпшілік пайдаланатын парктердің барлығы тексерілді. Тексеру барысында біраз заңбұзушылық анықталды. Оны Жер ресурстарын басқару департменті анықтап, тиісті сотқа жүгінді. «Қиял әлемі» паркінің 4,8 гектары толығымен мемлекет меншігіне алынды. Қазір сот шешімі заңды күшіне енді.
Қазір «Қиял әлемі» саябағына іргелес жатқан бір гектарға жуық тағы бір жер телімінің тағдары сотта қаралып жатыр. 2011 жылы әкімдік оны дәретхана мен сахна салу үшін жалға берген. Одан кейін жер қолдан қолға өткен. Жеке кәсіпкер сауда орталығының құрылысын бастапты. Қазір құрылыс уақытша тоқтатылған. Сондай-ақ Абай саябағында да заңсыз салынып жатқан құрылысқа қатысты сот процесі басталды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов.