Мәжит Қуандықұлы саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған

Теміржол дегенде пойыз жүргізетін немесе жолаушыларға қызмет көрсететін жолсеріктер еске түседі. Бірақ бұл салада шпал көтеріп, рельс салатын, оны күтіп ұстайтын мамандық иелері бар.

Мәжит Қуандықұлы – жұмыстың ауыртпалығына қарамастан жастық жалынын, күш қайратын осы салаға арнаған «Құрметті теміржолшы». Білікті маман қазір де отбасынан жырақта «Достық-Мойынты» бағытындағы құрылысқа атсалысып жүр. 

Мәжит Қуандықұлы Қызылорданың Сексеуіл станциясында туып өсті. 2 оқу орнын үздік дипломмен бітірген ол еңбек жолын қатардағы монтер болып бастаған. Білім-білігі мен тәжірибесінің арқасында қызмет бабымен сатылай көтеріліп, кейін 5 облыстың шойын жолына жауапты басшы болды. 

Мәжит Қуандықұлы, Құрметті теміржолшы:

- Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Орал – 16 мекеме болды. Сол 16 мекемеде қадағалап, жұмыс істеуімізге тура келді. Сондықтан ол теміржол үстінен қаншама жүк кетіп жатыр. Қаншама халық кетіп жатыр. Соның бәрінің қауіпсіздігін сақтау оңай шаруа емес. Сондықтан теміржолды сүйгеннен кейін бар күш-жігеріңді салу керек.

Сала ардагері 44 жылдық еңбек өтілінің тең жартысынан астамын теміржол құрылысына арнады. Қызмет бабында жүріп, мемлекеттік деңгейдегі маңызды жобалардың жүзеге асуына атсалысты.   

Мәжит Қуандықұлы, Құрметті теміржолшы:

- Хромтау-Алтынсарин, 9,10 разъезд деген жолдар, одан кейін Сексеуіл- Жезқазған, Шалқар-Бейнеу, соның ішінде Сексеуіл-Жезқазған жолында тікелей атсалысқам. Ол кезде бас менеджер болып сол жақта жұмыс істедім.

Қуандық Мәжитұлы кәсіби маман ретінде әлі де сұранысқа ие. Қазір ол «Достық-Мойынты» теміржолының талапқа сай салынуын қадағалап жүр. Жастарға ағалық ақылын айтып, қамқорлығын да аямайды.  

Арман Аңсатбаев, мердігер мекеме басшысының орынбасары:

- Мәжит ағаны 2 жылдан бастап танимыз, ол кісі бізге осы жобада әкеміздей. Осы кісінің арқасында біраз затты білдік. Білмеген жерімізді ол кісі түсіндірді. Сол үшін бұл кісіге мың алғыс.

Саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған Мәжит Қуандықұлының ұзақ жылғы еселі еңбегі ақталды. «Құрметті теміржолшы» атанып, мемлекеттік наградалармен марапатталды. Еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген әке жолын енді ұлы жалғастырып жатыр. Осылайша, теміржолшылар отбасы экономиканың күре тамырына баланған саланың көркеюіне үлес қосып келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.