Қоғамдық көлік жүргізушілері кәсіби мерекесін атап өтті

Таң жиегі сөгілмей, ерте тұрып, отбасына кеш оралатын қоғамдық көлік жүргізушілері төл мерекелерін тойлап жатыр.

Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбек етіп жүрген жандардың ел экономикасына қосар үлесі зор.

Алихан Нұрмахановтың көлік саласында еңбек етіп жүргеніне 30 жылдан асты. Еңбек жолын Тараз қаласында бастаған білікті маман, 18 жыл бұрын елордаға көшіп келген. Содан бері қаладағы №4 автопаркте қоғамдық көлік жүргізеді. Автобусты басқару оңай емес, оны тізгіндеу үшін арнайы санат та керек. Жүргізушінің жұмысы таңғы 5-те көлігін тексеруден басталады. 

Алихан Нұрмаханов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- Ерте тұрасың, кеш жатасың. Жастар осыған барғысы келмейді кейінгі жылдары. Еңбектеніп тер төксең әр нәрсенің нәтижесін көруге болады. Бір кісілер заттарын ұмытып кетіп жатады,міне алмай жүгін көтере алмай жатады, қолымыз тигенше көмектесеміз. Ризашылығын айтып, рақметін айтып кетеді сол кезде бір мәртебеміз көтеріліп қалады.

Автопарк басшылығы жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 6 ай сайын техниканы сақтандырудан өткізеді. 

Қанат Рахметұлы, Астана қ. №4 автобус паркінің колонна басшысы:

- Жүргізушілерімізге екі айда бір рет жол жүру ережелерін сақтау бойынша техникалық оқулар өткізіліп отырады. Оның барлығы өз деңгейімен бірқалыпты жолға қойылған. 3 жылда бір рет біліктілігін арттыру бойынша оқу өткізіліп отырады.

Қазір орталықта 100 қоғамдық көлік бар. Күнделікті бағытқа оның сексенге жуығы шығады. Автобустар заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жаңа жүйе жүргізушілердің жұмысын да біршама жеңілдетті. 

Алихан Нұрмаханов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- Жоғары жағында бағытты жазатын табло бізде. Бағыт өзгеріп тұрады. Жаныңыздағы мына тұрған табло қанша халықтың кіргені, қанша халық төлем жасағаны, мобильный телефонмен қанша төледі, карта арқылы қанша төледі соның бәрін көрсетіп тұрады. Мынау артқы есіктерді біз кісілерді қысып қалмау үшін бақылап қарап отырамыз.

Жол азабын жүрген біледі. Көлік тізгіндеген бұл азаматтардың жұмысы маңызды әрі жауапты. Қазір автопаркте 150 жүргізуші жұмыс істейді. Олардың әрқайсы 5 бағыт бойынша халықты діттеген жеріне тасымалдайды. Күніне орта есеппен бір автобуспен 1500-ге тарта адам қатынайды.

Дильназ Тұрғазыева, Мерей Талап