Павлодар облысында шабындықтарды су басуы мүмкін
Павлодарлық шаруаларға Ертіс қойнауынан шабылған шөпті қыркүйек айына жеткізбей шығаруға кеңес беріліп жатыр.
Ерте бастан қамданбаса дайындалған мал азығы судың астында қалуы әбден мүмкін. Бассейндік инспекцияның болжамы бойынша бір айдан кейін Жоғарғы - Ертіс каскадынан жіберілетін су мөлшері секундына бір жарым мың текше метрге дейін артады.
Өңірде шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Алайда сол шабылған шөпті уақытында тасып алмаса болмайды. Әрине жағдай соншалықты күрделі емес, дейді мамандар. Дегенмен, өзеннің төменгі бөліктеріне су жайылу қаупі бар. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы шаруаларға жағдайдың ескертіліп жатқанын жеткізді.
Дияр Қайыркенов, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыс басшысының атынан қала және аудан әкімдері тиісті тапсырманы алды. Қазір шаруа қожалықтарына шабылған шөпті Ертіс қойнауынан шығару керектігі түсіндіріліп жатыр. Әсіресе төменгі жайылмадан шөп шабатындар үшін бұл маңызды ақпарат.
Биыл жауын-шашын мол болды. Ертіс қойнауында шөп шүйгін шықты. Шаруалар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, мал азығының жеткілікті қорын дайындауға кіріскен.
Мұрат Секенов, механизатор:
- Биыл енді шөп деген мол. Тағы да су жіберейін -деп жатыр дейді. Енді көп кісілердің үйетін жерлері жоқ үйдің жанында. Өрт болуы мүмкін содан кейін. Сол жағдай. Мына шаруаларды ойлап отырмын қай жерге үйетінін. Күзде мынандай болмайтын. Ана жақ қана толатын суға қала жақ кішкене. Бері қарай келмейтін.
Сарапшылардың айтуынша, бұған табиғи факторлар әсері етеді. Биыл су қоймаларының Жоғарғы-Ертіс каскадында судың қоры өте көп. Қазір сол жерден Ертіс өзеніне секундына мың текше метрге дейін су құйылады.
Дияр Қайыркенов, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:
- Бассейндік инспекция бізге тамыз айының соңына дейін Шүлбі су қоймасынан су шығынын ұлғайту көзделмегенін айтып отыр. Дегенмен, қыркүйек айында босатылатын су көлемі секундына бір жарым мың текше метрге дейін өседі.
Көп мөлшерде босатылған тіршілік нәрі Павлодар облысының шекарасына 10-14 тәулікте жетеді. Яғни қыркүйек айының ортасында Ертіс жайылмаларының ойпаттарын су басады. Мұндай жерлер Павлодар, Ақтоғай және Ертіс аудандарында бар.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков