Риддердегі жалғыз жағажайдан күй кетті

Риддерде көпшілік шомылатын жалғыз жағажайдан күй кетті.

Журавлиха өзенінің жан-жағы қоқысқа толған. Былтыр осы жерді жалға алған кәсіпкер маусымға дайындалмаған. Тұрғындар күн ыстықта демалатын жалғыз жер осы- дейді. Олар жағажайды қалыпқа келтіріп, қолайлы жағдай жасауды сұрайды.

Бастауын таудан алатын Журавлиха өзенінің осы тұсы шомылуға қолайлы. Саяласаң ағашы, қыздырынсаң құмы бар. Бір жыл бұрын бұл жерді кәсіпкер жергілікті биліктен жалға алыпты. Алайда демалушылардың айтуынша, алғалы бері бес орындық қойған, басқа түк істемепті. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Кәсіпкер жауапкершілікке алған жалғыз жағалаудың бүгінгі кейпі осы. Әп әдемі жердің көркі кеткен. Көктемгі қатты ағыс кезінде мынадай ағаштарды ағызып әкеп тастаған,ал ал судың қақа ортасында осындай темір құрылғылар жатыр. 

Қандай күйде болса да күн ыссыда риддерліктер осында ағылады. Сәулебек Әлішев немерелермін жиі келеді. Жағажайдың қоқысқа көміліп, қараусыз қалғанына алаңдайды.

Сәулебек Әлішев, қала тұрғыны:

- Енді біраз көркейтіп жасаса, мына балаларға ыңғайлы қып суды тазартып жағажайына мусор тастамайтындай жасаса,мынаның бәрін мусор қып тастаған мусорный бак жоқ па сонда? Ондай жоқ. 

Жергілікті әкімдік жалға алған кәсіпкерге тиісті талаптың бәрін түсіндірдік дейді. Бірақ сол айтылғандардың бір де бірі орындалмаған. Енді арадағы келісім-шарт күшін жоймақ.

Рауан Құрметұлы, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Біздің шартымыз бойынша, кәсіпкерге талап қойғанбыз Журавлиха өзен бойын таза ұстау, тазалық сақтау мусор павильонын қою. Бүгінге дейін кәсіпкер бұл талаптан шыға алмай жатыр, келесі жылға басқа кәсіпкер қарастырылуда.

Тағы жалға алушы табылып, ол жұмысқа кіріскенше Журавлиханың жағдайы өзгермесі анық. Мұндай жағажайлар Өскеменде де жетеді. Мәселен, мына жер шомылу үшін жабдықталмаған. Десе де, суы жылы әрі таяз болғасын адам аяғы арылмайды. Былтыр облыс әкімі жауапты мамандарға жағалауды талапқа сай жабдықтауды тапсырған еді. Алайда, ештеңе өзгермеді. Не киім ауыстыратын, не көлік қоятын орын жоқ. Қоқыс мәселесі тағы бар. Сондықтан мұнда кәсіпкерлерді жұмылдырған жөн, дейді өңір басшысы.

Ермек Көшербаев, облыс әкімі:

- Осы жерге егер жұмыс істейтін кәсіпкер болатын болса, салық төлейді, бірақ олар халыққа тиісті қызмет ұйымдастыру керек. Ертең мысалы жігіттер келді 100 теңге төледі оған болды, дәретхана бар,шомылатын жері бар, киім шешу,кию жері бар,машинасын анда қалдырды солай болуы керек. 

Жалпы өлкеде 70 тен астам жабдықталмаған жағажай бар. Олардың барлығы абаттандырылса тұрғындар алысқа бармай-ақ қала маңында тыныға алады. Бастысы қайғылы оқиғалар көрсеткіші азаяр еді-дейді тұрғындар.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин