Қостанайда тасқыннан зардап шеккен 14 отбасы жаңа үйге көшті
Тасқыннан зардап шеккен қостанайлықтар жеке үйлерге қоныстанып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Баспаналар қарғын су қиратқан үйлердің орнына салынды. Жер үйге көшуге 14 отбасы ниет білдірген. Қалғаны пәтер мен екінші нарықтағы үйлерді таңдаған. Көктемде облыс орталығында 200-ден астам баспана бүлінді. Техникалық сараптамадан кейін жартысы апатты деп танылды.
Тасқыннан кейін далада қалғандардың бірі – Қонысбаевтар отбасы. 80 жыл бұрын саманнан қаланған баспанасы жөндеуге келмейді. Сондықтан апатты ғимараттар тізіміне енгізілген.
Ольга Қонысбаева, қала тұрғыны:
- Қабырғадағы мына саңылауға саусақ сияды. Үгітіліп түсіп жатыр. Су басқан деңгейді сарғайған сызаттан қазірдің өзінде байқауға болады.
Көрші көшеде тұратын Людмила Гавришконың баспанасын да тасқын қиратты. Зейнеткер көпқабатты үйге көшуден бас тартқан. Жеке баспанаға үйренген ол құрылыстың аяқталуын күтті.
Людмила Гавришко, қала тұрғыны:
- Бастапқыда үрей мен күдіктің болғаны рас. Бірақ үйлердің салынатынын айтқанда Үкімет пен мемлекеттің қолдауын сезіп, көңіліміз орнықты. Қалағандары екінші нарықтан дайын үй сатып алды. Көпқабатты баспаналардан пәтер алғандар да бар. Біз жаңа үйлерді күттік.
Табиғи апаттан зардап шеккен 14 қостанайлық отбасы Қонай шағын ауданына қоныс аударды. Жаңа баспаналардың кілті екі апта бұрын берілген.
Қоныс тойын алғашқылардың бірі боп атап өткен Людмила Гавришко қазір тұрмысын қайта реттеуге кірісті.
Людмила Гавришко, қала тұрғыны:
- Есем кетті деп айта алмаймын. Үй тамаша. Аула да кең. Бұрынғы үйімнің ауданы 56 шаршы метр болатын. Қазір 80 шаршы метр. Саман кірпіштен салынған баспананың орнына блоктан тұрғызып, кірпішпен қапталған үй алдым.
Ольга Қонысбаева да ескі үйінің тар болғанын айтады. Көпбалалы отбасы жаңа баспанадағы ас бөлмесінің кең әрі ыңғайлы екеніне дән риза.
Ольга Қонысбаева, қала тұрғыны:
- Жұбайым екеуміз мынадай үстел сатып алдық. Отбасымыз үлкен, 7 адам болғандықтан, үлкенін таңдадық. Бүгін ыдыс-аяқ жуатын жаңа шұңғылша аламыз. Жиһаздарды құрып болған соң қонақ күтуге де болады.
Су тасқынынан кейін зардап шеккен жандардың үй-жайын зерделеген техникалық сараптамадан соң 110 үй апатты деп танылды. Олардың бәрі Тобыл өзенінің жағасында орналасқан.
Нұрлан Әміров, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:
- Бұл үйлерде өмір сүруге болмайды. Қазір ғимараттарды бұзу жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Тиісті құжаттар рәсімделген соң апатты баспаналар сүрілетін болады.
Апатты үйлер орналасқан аумақты тазарту жұмыстары тамыздың ортасында басталады. Жергілікті билік өкілдері бұл жерді демалыс орнына айналдырып, саябақ салуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Наталья Строкова, Ермек Мухамедьяров