Ақмола облысында 42 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр
Биыл Ақмола облысында 42 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір төртеуінің құрылысы аяқталды. Қалғаны жаңа оқу жылына дейін жаңа кейіпке енеді. Білім нысандары уақытылы тапсырыла ма? Мектеп директорлары неден қауіптенеді?
Абзал Балтабаев, тілші:
- Мектептердегі құрылыс жұмыстары маусым айында басталған. Аудан мен ауылдарды былай қойғанда, қаладағы мектептің де көбі ескі. Мысалы, Көкшетаудағы мына №21 мектеп ширек ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Оны жаңарту үшін биыл облыс бюджетінен 58 млн теңге бөлінді.
Жанбала Әубәкірова, мердігер:
- Қазір күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Біз барлық 196 ағаш терезені пластикке ауыстырдық. Сонымен қатар 20 темір есік орнаттық.
Мектеп толық жаңартылғанымен, қосымша жұмыстар әлі де жүріп жатыр.
Шолпан Байситенова, мектеп директоры:
- Қосымша жұмыстар – ол біздің 100% төбеміз жабылады. Сонымен қатар бірінші, екінші, үшінші және төртінші қабат едендері құйылма еденге ауыстырылады. Сондай-ақ кабинеттерді де жөндеп жатырмыз. Жаңа кабинеттер алып жатырмыз. Мына стем кабинет. Биыл алынды.
Биыл облыста 42 білім ұясы бастан-аяқ жөнделеді. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 8 млрд-қа жуық теңге бөлінді. «Бірақ құрылысы созылып, тиісті мерзімнен кешігіп жатқан нысандар да бар», - дейді білім басқармасындағылар.
Айнагүл Балташева, Білім басқармасы басшысының м.а.:
- Қолбалжыту немесе сұрақтар туып отырған нысандар бар. Бірақ осының барлығы облыс әкімінің басты бақылауында. Сонымен қатар осы білім басқармасы жергілікті аудан, қала көлеміндегі әкімдіктермен, оқу бөлімдерімен және мердігерлермен кездесу арқылы бақылауға алынып, толық қадағалау жұмыстары жүргізілуде. Әрине, жаңа оқу жылына барлық жұмыстар аяқталуы тиіс.
Одан қалды, 485 мектеп ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстарынан бөлек, қауіпсіздік мәселесі де баса назарда. Биылдың өзінде аймақ мектептері 781 млн теңгеге 4 мың камера орнатып алды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный