СҚО-да жүк көліктерін автоматты өлшеу жүйесі орнатылады
Солтүстік Қазақстан облысында жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматты жүйелер орнатылады, деп хабарлайды 24kz.
Электронды таразылар Астана – Петропавл бағыты мен Сергеев су қоймасының көпіріне қойылады. Бұл ауыр машиналардың қанша тонна жүк артқанын анықтауға мүмкіндік береді. Өйткені олардың кесірінен тас жолдар бүлініп жатыр. Осыған байланысты мамандар арнайы рейдке шықты.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл – Солтүстік Қазақстан облысының күретамыр тас жолы – Петропавл – Астана бағыты. Күніне бұл жермен жүздеген жүк көлігі өтеді. Оның ішінде Көкшетау жақтан қиыршық тас, құм және тағы басқа құрылыс материалдарын таситындары да бар.
Инспекторлар Көкшетаудан артынып-тартынып келе жатқан мына бір көлікті тоқтатты. Бірақ жүргізуші құжаттарын көрсеткісі келмей біразға дейін тұрып алды.
Жүргізушілер ірі айыппұлдан құтылу үшін неше түрлі қитұрқы әрекетке барады. Мысалы мына жүк көлігінің тізгінін ұстаған азамат көлігім сынып қалды деп, таразыға өлшенуге келіспей тұр.
Мұндай жағдайда инспекторлар полиция қызметін шақырады. Таразыға тұрған көліктің салмағы 60 тонна болып, жүргізуші жұмыс істейтін компанияға 1 160 000 мың теңге айыппұл салынды.
Солтүстік Қазақстан облысында салмағы 20 тоннадан асатын 7500 ауыр машина тіркелген. Одан бөлек, өзге өңірлерден келіп-кететіндері қаншама. Өкінішке қарай, жүргізушілер шамадан тыс жүк артып жүре береді. Ал бұл жолды бұзады.
Нұрфазыл Кенжетаев, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:
- Автокөлік құралдарының қағида-талаптарын сақтауы бойынша бақылауды қамтамасыз ету мақсатында инспекциямен «Жол картасы» әзірленіп, ол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері инспекция мен автомобиль көлігі саласында 585 әкімшілік іс қозғалып, 72 млн теңгеге айыппұл салынды.
Өңірде жүк көліктерін тексеретін 3 жылжымалы бекет бар. Енді республикалық жолдарға жауап беретін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ауыр машина салмағын өлшеу жүйесін автоматтандыруды жоспарлап отыр. Биыл облыс бойынша екі электронды таразы орнатылады.
Қанат Өсербаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Электронды таразылар ауыр көліктің салмағын автоматты түрде өлшейді. Шамадан тыс болған жағдайда бірден айыппұл салынады. Сонымен қатар бұл жолдарға аркалар мен ескерту белгілері қойылады.
Облыс бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асады. Биыл оларды жөндеуге 47 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов