Астанада зиянкестерді улау жұмыстары қазанның ортасына дейін жалғасады
Астанадағы дезинсекция ұйымы қаладағы масаларды улаудың төртінші кезеңін бастады, деп хабарлайды 24kz.
Алдымен су қоймалары зиянкестерден тазартылып жатыр. Залалсыздандыру шараларына жүзден астам маман мен ондаған техника жұмылдырылды. Қансорғыш жәндіктермен күрес жұмысы туралы арна тілшісі Дильназ Тұрғазыева баяндайды.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Бұл – Өндіріс тұрғын алабы. Мамандар су қоймаларындағы қамыстардың арасын маса дернәсілдерінен тазартты. Елде қансорғыш жәндіктермен күрес жұмыстары наурыз айында басталған. Биылғы су тасқынынан соң маса мен шыбын-шіркей күрт көбейген. Су айдындарымен қоса жағалауларды, саябақтар мен қоғамдық орындарды да залалсыздандыру қолға алынды. Азаматтардың өтініштері де ескерілді.
Алтынбек Мертасов, Астана қалалық дезинфекция орталығының атқарушы директоры:
- Біз қолданатын дәрілер тұрғындарға зиян келтірмейді. Инсектицид - қауіптілігі жағынан үшінші деңгейлі препарат. Сумен араластырғанда ол төртінші деңгейге түседі. Ал биологиялық қоспалар тек масаларға және оның дернәсілдеріне арналған. Сондықтан адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз. Дезинсекциялау жұмыстары сағат таңғы 04:00 пен 09:00 аралығында жүргізіледі. Себебі, күннің көзі шығып, су айдындары жылыған кезде химиялық заттар өз күшін жоғалтады.
Дернәсілдері өмірінің бірінші кезеңін су айдындарында өткізеді. Сол жерде 2-3 аптадай жетіледі. Дамудың барлық сатысынан өткен соң құрлықтағы тіршілігін бастайды. Сондықтан олар қосмекенді жәндіктер қатарына жатады. Масалар тарататын, толық зерттелмеген қоздырғыштардың бірі – Батыс Ніл вирусы. «Ол - адамның орталық нерв жүйесін жарақаттайтын қауіпті аурулардың бірі», - дейді маман.
Жанна Шапиева, «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының бас маманы:
- Қазір елде Батыс Ніл вирусы ресми тіркелмеген. Десе де, сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек. Ол адамдарға көбінесе Culex масаларының шағуы арқылы жұғады. Қазір энтомологиялық мәселелермен тұрақты түрде айналысып, зерттеу жүргізетін кадр жеткіліксіз. Оны жіті қадағалауда ұстап, ғалымдардың, энтомологтардың қатысуымен масалардың популяциясын бақылау қажет.
Тұрғындардың дегбірін қашырған зиянкестерге қарсы улау жұмыстары қазан айының ортасына дейін жалғасады. Елордада 137 су қоймасы бар. Онда мамандар тұрақты түрде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Серік Қоңырбаев