Биыл Атырау облысында мал азығынан тапшылық болмайды
Шөпке шалғы салған атыраулық шаруалар биыл олжалы болмақ, деп хабарлайды 24kz.
Көктемде арнасынан асқан Жем өзені Жылыой ауданындағы шабындықтарды суға толтырды. Соның арқасында ауданға қажетті 56 мың тонна қысқы мал азығының жартысына жуығы әзірленеді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бірнеше жылдан бері құрғап жатқан шабындықтарға су шығып, жылыойлық шаруалар биыл қысқы мал азығын өздері дайындап жатыр. Бұған дейін көрші облыстан тасымалданатын бір орам шөптің құны қыста 15 мың теңгеге дейін жететін.
Биыл аудандағы 17 мың гектар шабындықтың бәрі суға толды. Бұрыннан шабындығы аз ауданды тасқын су олжаға кенелтті. Қазір шаруалар таңның атысынан күннің батысына дейін шөп шауып жатыр. Шөбі көтерілген жерге шалғы салып, қыстың қамына кіріскен.
Дәуренбек Балжігітов, шаруа:
- Биыл су дейтін жақсы, ойдағыдай шықты. Шөп мол биылға. 3-4 жыл бұрын су келмеген жылдары қиындау болды. Көрші аудандардан алып отырдық. Сатып алып отырдық. Тасу, логистикасы бәрі қымбатқа шығатын. Қазір керемет. Биыл 2 мыңдай рулон дайындаймыз деп отырмыз.
Жылыой ауданына қажетті 56 мың тонна мал азығының жартысын жергілікті шаруа қожалықтары дайындайды. Қазір 10 мың тоннадай шөп әзір. «Жоспар қазан айына дейін орындалады», - дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Нұртас Қуатбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жалпы біздің ауданда шабындық алқап аз бұрыннан да. Оның үстіне су жоқ жылдары шабындыққа су шықпайды. Жалпы өзімізден 20%-тей ғана дайындалып жүрді. Басқа мал азығын көршілес облыстардан, көршілес аудандардан тасымалдаймыз. Биылғы жылы су жақсы шығуына байланысты 45%-іне дейін аудан көлемінен дайындаймыз деп отырмыз.
Жалпы облыс бойынша ірі сабақты мал азығының қажеттілігі 552 мың тоннаға тең. Қазір соның 100 мың тоннаға жуығы әзірленген. Бұған қоса, өңірге 44 мың тоннадан астам құрама жем көрші облыстардан тасымалданады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин