БҚО тұрғындары киік санын реттеуді сұрайды
Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында мал шаруашылығының дамуы тығырыққа тірелді, деп хабарлайды 24KZ.
Жиі қайталанатын қуаңшылық пен бөкен басының есепсіз көбеюі салдарынан шаруалар мал азығын дайындай алмай отыр. Бұлай жалғаса берсе, жергілікті жұртшылық үдере көшіп, шекара бойы жалаңаш қалуы мүмкін. Бүгін сенатор Арман Өтеғұлов пен Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның халықпен кездесуінде осы мәселе көтерілді. Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарында өткен аптада төтенше жағдай жарияланған. Енді фермерлерге аналық малға субсидия төленіп, тұрғындардың жемшөп тасымалына көмек көрсетілмек. Бірақ өзге аудандарда да жағдай мәз емес. Тұрғындар билік басындағылардан киік санын реттеу шараларын қолға алуды сұрайды.
Еркін Жабасов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Кеше 23-нен 24-не қараған түні жаңбыр жауды. 12 сағат жауды. Қақ түсті далаға. 27-сі күні бүкіл Казталов жақтағы киік біздің құмға кірді. Бүгін сөйлесіп отырмын, бүгін шығып жатыр киік. Өйткені анда су таусылды, кеше шамалы көктегеннің бәрін жеп кетті. Енді екінші мәселе, киік атқанда шаруасын ұйымдастыра алмағандар негатив туғызды ғой шынында. Неге сол аңшылықты ұйымдастыра алмаған кісілер жауап бермейді?
Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Орал популяциясы 400-450 мыңнан артық киік болуы тиіс емес. Одан артық қоршаған ортаға зиян келтіреді деген ғалымдардың өздерінің тұжырымы бар. Мына жерде қазір 2 миллионнан асып кетіп тұрған жағдай бар сияқты. Сондықтан бұған Үкімет деңгейінде, облыс әкімдігі деңгейінде қолдау жасап, жұмысты алға қарай апармаса, басын шектемесе, әрі қарай жалғаса беретін болады.