Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккендерге 166 үй салынып жатыр

Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккендер үшін 166 үй салынып жатыр.

Баспаналардың басым бөлігі Бұланды ауданында бой көтеріп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Есіл мен Жарқайың аудандарында да құрылыс жұмыстары қарқынды.

Көктемде Есіл ауданындағы 200-ден астам үйді су шайып кетті. Соның 52-сі тұруға жарамсыз. Әсіресе аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендердегі үйлер қатты бүлінді.

Қарила Ұлықбаева, Двуречный ауылының тұрғыны:

- 2017 жылы бір рет су алған бұл үйді. Бірақ үйдің табалдырығына дейін келіп, үйге су кірген жоқ. Осы жолғы су тіпті үстем болды. Қатты келді. 2 сәуірде түнгі сағат 11-де су келіп, 10 сәуірде қайтты. Мен айдан астам ауылдағы қызымның қолында тұрдым.

Зардап шеккендер үшін Есіл қаласынан 20 үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс.

Виктор Кайлибер, Есіл қаласының тұрғыны:

- Салынып жатқан үйлердің сапасы жақсы. Құрылыс барысын бақылап отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ.

Жарқайың ауданының тұрғындары да шығынға батты. Әсіресе Пригродный ауылының халқы айтарлықтай зардап шекті. Көктемгі су тасқыны кезінде дәл осы Пригородный ауылындағы 105 үйге су кірген еді. Соның 50-іне қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 55-і мүлдем жарамсыз деп танылған. Үйлері бүлінген 25 отбасыға аудан орталығынан жаңа баспана сатып әперілсе, 30 жанұяға ауыл іргесінде осындай қос пәтерлі 15 үй салынып жатыр.

Арман Жәнібеков, Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір құрылыс алаңында 2 мердігерлік ұйым жұмыс істеп жатыр. Сапа басты назарда. Кестеден қалып жатқан жоқ. Тұрғындар үшін барлық қолайлы жағдай жасалады.

Жалпы бұған дейін құрылысқа салғырт қараған облыстық құрылыс басқармасының басшысына облыс әкімі атынан қатаң сөгіс жарияланса, Жарқайың мен Бұланды ауданының әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.