Шымкентте 17 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр
Шымкентте жұмыссыздар саны 17 мың адамнан асты.
Ресми деректі Еңбек мобильді орталығының өкілдері мәлімдеді. Бірақ бірыңғай базаға тіркелмей, жұмыс іздеп жүрген тұрғын саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сондықтан сала мамандары бюджет есебінен қайта даярлау курстарын жариялап, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тетіктерін ұсынып жатыр.
Расул Ибрагимов 3 жылдық оқуын аяқтай сала, «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасты. Өзі іс-тәжірибеден өткен кілем фабрикасымен келісімшарт жасасып, қатарға қайта қосылды. Қазір автоматтандырылған жабдықтарға жауап береді. Тұрақты жұмыс тапқан жас маман техникалық дизайнерлікті терең меңгергісі келеді.
Расул Ибрагимов, кілем фабрикасының техникалық дизайнері:
- Кілемнің этикетіне жауап беремін. Өлшеміне. Өз жұмысым ұнайды. Бірақ мен осы жұмыспен тоқтап қалғым келмейді. Әрі қарай да өскім келеді. Үлкен станоктарда айлық та жақсы болады. Мен соған өткім келеді.
Фабрика өкілдері көбіне оқу ордаларымен түзілген әріптестікке иек артады. Студенттердің тәжірибесін шыңдап, тұрақты жұмысқа шақырады. Бірақ биыл мемлекеттік бағдарламаға 5-ақ адам өтініш берген. «Сондықтан жеңіл өнеркәсіп саласында маман тапшылығы байқалып отыр», – дейді.
Фатима Ізбасарова, кадр бөлімінің жетекшісі:
- Қазіргі таңда бесеуі жұмыс істеп жатыр. Әлі де мамандарды күтіп отырмыз. Қазіргі таңда маман жетіспеушілігі кәдімгідей көрініп тұр. Өйткені тапсырыстар көптеп келеді. Әр жерде жұмысты үйретуден басталады. Үйренгеннен кейін көтеріле береді. Айлықтары 200 мыңға дейін барады.
Биыл бірыңғай порталда 30 мыңнан аса адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Салаға жауаптылар «Жастар практикасымен» бірге «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас» және «Бастау бизнес» жобасы арқылы оның 48% еңбекпен қамтылғанын айтады.
Сауалнама:
- Ұлым – бапкер, бір ұлым – заңгер. Қыздарымыз тұрмыста ғой. Екі қызым – мұғалім, бір қызым – медсестра. Бәрі жұмыста.
- Білген адамға қиын емес. Тест тапсырасың, жұмыспен қамтамасыз ету орталығына барасың. Көп адам қазір білмейді ғой. Тек үйден іздеп отыра береді. Жан-жақа шықпайды.
- Жұмыс іздеп жүргендер көп негізі. Әсіресе жастар, студенттер. Қиын негізі көп жерге кіру. Ал танысың болса, оңай ғой. Шымкентте негізі.
Жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жаңадан құрылған кәсіпорындардың септігі мол. Қазір инженер, механик, тігіншілер мен тоқымашыларға сұраныс жоғары. Сондықтан қыркүйекте Еңбек мобильді орталығы тарапынан мыңнан аса адамды тегін кәсіптік оқуға тарту жоспарланып отыр.
Бекболат Әлиханов, қалалық Еңбек мобильді орталығы директорының орынбасары:
- Жаңа жұмыс орындары жоспарланған. Концепция бойынша 3140 орын ашылады. Оның ішінде «Жайлы мектептер» жаңадан салынып жатыр. Сол жерге жоспарланып отыр. Тамыз айының соңында қыркүйек айында сол жерге мектеп мұғалімдері жолданады. Одан бөлек, құрылыс басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы, ірі кәсіпорындар жұмыс ұсынып жатыр.
Биыл басқарма тарапынан «Бастау бизнес» жобасы арқылы 500-ге жуық адамға қайтарымсыз қаражат беру жоспарланған. Әлеуметтік осал топ пен көпбалалы отбасы мүшелеріне, мүгедектігі бар баланы асыраушыларға 1 миллион 480 мың теңге көлемінде грант тағайындалды. Сала мамандарының сөзінше, еңбек нарығын реттеуге бұл жобаның да тиімділігі көп.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.