Өскемен - Риддер жолын жөндеу келесі жылы аяқталады

Өскемен мен Риддер арасындағы жол жөнделіп жатыр.

Кейінгі он жылдың мұғдарында жамап-жасқаумен келген жол елді әбден қажытқан еді.

Кеншілер қаласымен қатынас көктем мен қыста тіптен қиындап кетеді. Кілт бұрылысы көп жолда апат та жиі болады. Көпті алаңдатқан мәселе енді шешімін тапқандай. Биыл күре жолдың 40 шақырымы жөнделеді. Қалған бөлігі қашан бітпек?

Өскемен-Риддер бағытындағы бұл жолдың әбден тозығы жеткен. Айналдырған 100 шақырымнан аса қашықтықты екі сағат, ал жауын-шашында одан да көп уақытта әрең еңсересіз. Өйткені бұл жолдың ой-шұқырсыз тегіс бөлігін табу қиын. 

Эльмира Ахметова тілші: Өскемен-Ридддер бағытындағы  жол жөнделеді дегелі он жылға жуықтап қалған еді. Ақыры көп күткен жұмыс басталды. трассаның жергілікті жұрт үшін де, ары-бері қатынайтын жолаушылар үшін де маңызы зор. Айта кетсек, аталған жол аса ұзақ болмаса да, өлкедегі ең қауіпті трасса ретінде белгілі. Өйткені мынадай еңістер мен бұрылыстар жиі кездеседі. 

Талай жылдан бері дұрыс жөндеу көрмеген автожолға биыл ғана назар аударылды. Көлік жүргізушілері үшін бұл көптен күткен жаңалық. 

Юрий Аноп, көлік жүргізушісі:

- Жөнделген бөліктермен жүргеннің өзі бір керемет. Жол қысқарып бір серпіліп қалдық. Әйтпесе талай рет  көлік бұзылып, азап тартқанбыз. Енді апат та азаятын шығар.

Жұмыс қарбалас. Шаруа таңнан басталып кеш түскенше тоқтамайды. Сергей Гончар бұл жолдың жайын да, маңызын да жақсы түсінеді. Сондықтан халыққа неғұрлым сапалы трасса салуға тырысып жатырмыз, - дейді. 

Сергей Гончар, грейдер жүргізушісі:

- Бұл жақ маған таныс. Осы жолмен талай жүргем. Риддерде демалыс орындары, балалар лагері көп. Бірақ жету қиын. Талай жылдан бері қараусыз жатты емес пе. Енді мінеки өзім де жөндеп жатырмын. Еңіс, бұрылысы көп, қиын бағыт, дегенмен барлығы өз уақытымен жүріп жатыр.

Биыл екі ортадағы жолдың 40 шақырымы жөнделмекші. Қазір соның 15 шақырымы дайын. Кеншілер шаһарымен арада ауыр көлік көп жүреді. Сондықтан асфальт жабындыға ерекше көңіл бөлінуде, - дейді мамандар. 

Шыңғыс Зайытов, "Қазавтожол" ҰК ШҚО филиалының бөлім бастығы:

- Суық ресайклинг әдісі жүргізіліп жатыр. Ол біздің отандық өнімдер мен инертті материалдарды цементпен араластырып, қолданыстағы жол жабындысы үстіне тағы екі қабат асфальт жабындысы салынатын болады. Бұл сапа жағынан жақсы жағын көрсетеді.

Туристік қалаға апаратын бағыттың қалған 70 шақырымға жуық бөлігіндегі жұмыс келесі жылға жоспарланып отыр. Жалпы өлкеде биыл аудандар мен қалаларға тиісті 600 шақырымнан астам жол жөнделеді.

Эльмира Ахметова