Ақтөбеде жаяу жүрушілер клубы жұмыс істейді

Айына миллион қадам жаса! Бұл Ақтөбедегі жаяу жүрушілер клубының басты ұраны.

Үш ай бұрын құрылған ұйымға бүгінде салауатты өмір салтын серік еткен 400-ге жуық адам мүше.

[1] Олардың арасында спортшы, еріктілерден өзге, қарапайым қала тұрғындары: ерлі-зайыптылар және балалар да бар. Жаяу жүруді жаны сүйетін жандармен біздің тілшілер кездесіп қайтты.

Алтынгүл Есқазиеваның көлікті қолданғаннан гөрі, көбірек жаяу жүруді әдет қылғанына 4 айға жуықтаған. Нәтижесінде артық салмақтан арыла бастапты. Алғашқыда аз қадамдар жасап, оның санын күн өткен сайын арттыра берген. Бүгінде өзі секілді жаяу жүруді жақсы көретін ақтөбеліктер арасында құрметке ие.

Алтынгүл  Есқазиева, қала тұрғыны:

- Осы төрт ай мезгіл ішінде, мен уже 11 кг арықтадым және де мен қосылмай тұрған кезде менде сахар болды, менде давление болды. Соның бәрінен арылдым. Бұл клубта мен өзіме деген достар таптым. Жүруді тоқтатпаймын. себебі, мен әлі де салмағымды азайтуым керек. мен әлі де шамалы өзімнің денсаулығымды дұрыстауым керек. 

Клубты құрған Хромтау қаласының тумасы, бүгінде Ақтөбеде еңбек ететін қарапайым тұрғын Гаухар Әйтекенова. Жолдасы екеуі бала тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы болып отырған ол мұндай идея кенеттен келгенін айтады. Себебі, өзі жаяу жүруге ден қойғалы жақсы өзгерістің барын байқап, оны кеңінен насихаттағысы келген. 

Гаухар Әйтекенова, клуб жетекшісі:

- Мақсатымыз – жаяу жүруге ден қою, оның пайдалы екенін дәріптеу. Біз мықты ұлт қалыптастыру идеясын қолдаймыз. Біз туралы естіген-білген адамдар өздері келіп қосылып жатыр. Қазірдің өзінде, бір айда миллион қадам жасаған 6 азаматымыз бар. Болашақта бұл тәжірибемізді бүкіл Қазақстанға таратқымыз келеді.   

Бұл клубтың спорт пен дене шынықтыруды дәріптейтін өзге ұйымдардан ерекшелігі көп. Бастысы, кез келген адам қосылуына және әр аптаның соңында өтетін жиынға қатысуына болады. Онда белгілі спорт шеберлері, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері тіпті психологтармен бірге жаттығу жасап, жаяу жүрудің пайдасы туралы кеңесін тегін тыңдайды. Дұрыс жүрудің техника-тәртібі де жіті айтылады. Сондай-ақ, әркімнің күн сайын жүріп өтуі тиіс жоспары да бекітіледі. 

Мадина Мұратова, қала тұрғыны:

- Мен жүруге келгеннен бастап өмірімде өзгерістер орын алды. Көптеген ғажайыптар, көптеген өмірге деген махаббатым ашыла бастады. Ақтөбеліктерге бізбен бірге жүрулеріне шақырамын. 

Жаяу жүруді әдетке айналдырғандардың ең жасы 14-те болса, үлкені 75-ке келген қарт. Әрқайсысының алға қойған мақсаттары көп. Ал Ақтөбеде бұдан өзге велоспортшылар мен триатлоншылар ұйымы да құрылған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев