«Достық-Мойынты» теміржол құрылысының 60%-тен астамы аяқталды

Елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған «Достық-Мойынты» теміржол құрылысының 60 проценттен астамы аяқталды.

Екінші шойын жол желісін тартуға 1000-нан аса адам, 500-ден артық техника жұмылдырылған. Ұзындығы 800 шақырымнан асатын теміржол Қарағанды, Абай және Жетісу облысының аумағын қамтиды.

Жангелді Асмиев Көктұмадан Жайпақ ауылына дейін теміржол салып жатқан компания басшысы. Оның қарамағында 60 шақты адам еңбек етеді. Былтырдан бері олар 50 шақырымдық жол құрылысының басым бөлігін аяқтаған. 

Жангелді Асмиев, мердігер компания директоры:

- Үш перегонның арасында 80% жұмысты бітірдік. 20%-і осы көпірлер қалды. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жаманты өзенінің үстіндегі мына көпірдің ұзындығы 93 метр. Құрылысшылар тура осындай тағы біреуін салу үшін өзен арнасын бұрып, қазір іргетасын құйып жатыр. Жалпы, "Достық-Мойынты" аралығын жалғайтын екінші теміржолдың бойына 100 шақты көпір, 260-тан аса құбыр салу жоспарланған. 

«Достық –Мойынты» теміржолының ұзындығы 836 шақырымға тең. Соның 515 километрінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазір көпірлер мен «Бескөл» сияқты станцияларда пойыздарды бағыттайтын қосымша рельстер салынып жатыр.

Мәжит Қуандықұлы, "ҚТЖ" ҰК АҚ "Достық-Мойынты" теміржол құрылысы басқармасының бас менеджері:

- Астына төселетін төсеніш топырағының саны 7 млн 800 текше метрді құрайды. Қысқа дейін бітіреміз. Мосттардың 50%-і бітіп,  оларды да қысқа дейін бітіреміз. Бітпегендерді келесі жылға тапсыруымыз керек. 

Теміржол құрылысы қолға алынғалы Достықтағы терминалдар да өз мүмкіндігін арттыру қамына кіріскен. Мысалы, Сергей Гордиенко басқаратын компания контейнерлерді тек кранмен түсіріп-тиейтін болса, енді арнайы көлікпен де жұмыс істемек. Сол үшін бос жатқан 7 гектардан астам жерді бетондап, арнайы орын әзірлеп жатыр. 

Сергей Гордиенко, терминал директоры:

- Тәулігіне 10 пойыз қабылдауды жоспарлап отырмыз. Ол үшін жүк түсіріп, тиейтін техникаға тендер жарияладық. Сатып алғанда біздің терминал кранды және риштакерлік технологияны қатар қолданатын әмбебап кешенге айналады. Мына жерде 4,5 мың контейнер тұрады. Бұл қазіргіден 5,5 есе көп. 

«Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі келер жылы пайдалануға беріледі. Сол кезде қос тармақпен тәулігіне 60%-ке дейін өтеді. Бұл қазіргі көрсеткішпен салыстырғанда 5 есе көп. Тауар тасымалының көбеюі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді, дейді мамандар.  

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев