Сарапшы: Қазақстан атом энергетикасы дамыған 30 елдің қатарына қосыла алады

Атом электр станциясында жұмыс істейтін жоғары білікті мамандар қажет.

Қазақстан ондай кадрлардан кенде емес. Демек, атом энергетикасы дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға қауқарлы. Канадалық сарапшы еліміздің атом энергетикасының әлеуетін осылай бағалады. Ядролық реакторларды жобалау және осы салада маман даярлаумен айналысатын Акира Токухиро қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.

Акира Токухиро, Онтарио технологиялық университетінің деканы, профессор:

- Қазіргі заманғы атом электр станцияларын 70 жыл бұрынғы нысандармен салыстыруға келмейді. Олар әлдеқайда қауіпсіз. Сосын энергияның басқа көздерімен салыстырғанда атом электр станцияларының қоршаған ортаға зияны өте аз. Ал одан алынатын жылу өзге салаларды дамыту үшін қолданылуы мүмкін. АЭС Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің артуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Өйткені сіздерде ядролық реакторлар үшін ең қажетті отын уран бар. Оны пайдаланылған ядролық отын деп қарастырмау керек. Себебі қайта-қайта өңдеп, кәдәге жаратуға болады.