Жетісудағы 22 ауылға ауыз су жеткізіледі

Жетісу облысындағы Екпінді ауылының тең жартысы суды тасып ішеді, деп хабарлайды 24kz.

2008 жылы елді мекенге су құбыры жүргізілгенімен, ауылды толық қамтымаған. Салдарынан Қабанбай батыр, Бөрібаев, Бітімбекова, Қапсаламов атындағы көшелердің тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Серік Адасовтың отбасы Қабанбай батыр атындағы көшеге он жыл бұрын көшіп келген. «Содан бері ауызсуды тасып ішуге мәжбүрміз», - дейді ауыл тұрғыны.

Серік Адасов, Екпінді ауылының тұрғыны:

- Қыста шанамен тасимыз. Қоянбай деген ауыл бар, сол жақтан тұмадан әкелеміз. Одан қалса Шорылдағымыз бар. Кезекте тұрамыз. Ар жақта су бар, бер жақта жоқ. Үйге су тартылып кірсе, бәрі жақсы болады.

Ауыл халқының су тасу машақатынан құтылар күні алыс емес. Биыл елді мекен көшелеріне 11 шақырым құбыр төселді. Ұңғыма қазылып, мұнара орнатылды. Қазір резервуар салынып жатыр. 460 млн теңгеден аса қаражат бөлінген нысан құрылысы қара күзге дейін аяқталуы тиіс.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Шекара шебіндегі Алакөл ауданында 56 елді мекен бар. Соның төртеуінде биыл мынандай резервуарлар орнатылып, ауызсу жүйесі тартылып жатыр. Яғни, жыл соңына дейін Бибақан, Екпінді, Көктұма және Тоқжайлау ауылының тұрғындары таза су тұтынатын болады.

Ауданға қарасты ауылдардың 85%-і орталық ауызсу жүйесіне қосылған. «Тағы бірнеше елді мекенге жоба жасалып жатыр», - дейді саладағылар.

Алмас Жұмабеков, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда Лепсі ауылдық округінің орталықтандырылған ауызсу жүйесіне мемлекеттік сатып алу порталында конкурс ойнатылуда. Мердігерін анықтауға. Бұл құрылыс 2025 жылға өтпелі болады. Қоңыр ауылының орталық ауызсу жүйесі құрылысын жүргізгенге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамасы алынды. Сонымен қатар Бұлақты ауылының ауызсу жүйесін жүргізгенге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Тиісті органдарға бюджеттік өтінім жолданған.

Жетісу облысындағы 22 елді мекенде құбыр тарту жұмыстары жүрігізіліп жатыр. Ауызсу жүйесі іске қосылғанда орталықтандырылған тіршілік нәрін тұтынатын ауыл саны 91%-тен асады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев