Іле Алатауында сел жүру қаупі әлі де жоғары
Оған ауа температурасының тәуліктік нормадан жоғары болуы және кейбір мұздық көлдердің жағдайының тұрақсыздығы себеп, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, Талғар өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан №19 табиғи су қоймасы мамандарды алаңдатып отыр. Осыған байланысты Талғар өзені бассейнінде жергілікті төтенше жағдай жарияланды. Шатқалға кіретін жол жабылды. Халыққа ондағы қауіп туралы ескертіліп жатыр.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- №19 мореналық көлдің қауіп төндіріп тұрғандығын «Қазселденқорғау» мамандары биыл мамыр айында хабарлаған. Көлдің көлемі күрт өскен. Үш айдан бері мұнда су деңгейі азайтылып жатыр. Міне, тікұшақтан қарағандағы көрінісі осындай. Бұл – Солтүстік Тянь-Шань бойынша ең үлкен көлдердің бірі. Гляциологтар мен «Қазселденқорғау» мамандарын су қоймасының бекітілген тұсына көп алаңдайды. Ол жердің суықтығына қарамастан көптеген жарықтар мен жерасты үңгірлері пайда болған. Мыңдаған жылдар мұздардың өзінде өзгеріс болған. Суы лайланып, сұр түске енген. Бұл белсенді термокарст процесін көрсетеді. Мамандар осының барлығын жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырады.
Мұрат Қасенов, «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары:
- №19 көлде қазіргі уақытта термокарст және термоэрозиялық процестер анық байқалады. Осыдан келіп, көлдің акваториясы ұлғая түседі. Оған қоса, көл тереңдеп, жан-жағы жалаңаштана бастайды. Көміліп жатқан мұз ашылып, морена жабыны өте тұрақсыз болып, көлге сырғып ағады. Талғар өзені бассейніндегі №19 көлдегі жағдайды өте күрделі деуге болады.
№19 көл стационарлық емес. Яғни, қыста толығымен босап қалады. Жазда қауіпті сейілтудің ең тиімді жолы – суды сорғызу. Бұл шаруа күн суып, мұздың еруі азайғанға дейін жалғасады. Қазірдің өзінде су қоймасының деңгейі үнемі өзгеріп тұрады. Суды сору үшін сифон қолданылады. Бұл пластик құбырлар арқылы атмосфералық қысым болған кезде су өздігінен ағып шығады.
Дәурен Азаматов, облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:
- №19 мореналық көлде жүргізіліп жатқан сифон мен суларды түсіру барысында 3 сифон болған. Бүгінгі тағы 4-ші сифонды қостық. Ол деген тез мұздықтардың еруіне байланысты мореналық көлдердің толығуына байланысьты 4-сифонды қосып суларды түсіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Қазір су қоймасы тәулік бойы бақылауда. Бейнебақылаудан алынған фотосуреттер онлайн режимде түседі. №19 көлден су сорғызу жұмыстары 15 тамызға дейін жалғасады. Содан кейін арнаны тереңдету үшін бұрғылау-жару жұмыстары басталады. Осыған байланысты әзірге Талғар қаласының аумағында жергілікті төтенше жағдай сақталады. Қазір шатқалға ешкімді кіргізбейді. Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штаб құрған. «Қазселденқорғау» мамандары: «қауіп шамамен қыркүйектің ортасына дейін сақталады», - дейді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Сұлтан Бейсекенов