Құрық порты орналасқан Каспий жағалауы тереңдетіле бастады
Екі кезеңнен тұратын жоба теңіз терминалының жүк өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24kz.
Бірінші кезеңін биыл күзде аяқтау көзделіп отыр. Жоспар бойынша су айлағына кеме кіретін аумақ түбі жер снарядымен 2 метрге дейін қазылады. Бұдан соң порт жағалауы 7 метрге дейін тереңдейді. Қазір бұл жұмыспен еуропалық компания айналысуда. Жалпы Құрық порты жылына 6 млн тонна жүк өткізе алады. Соның 2 миллионы автотерминал арқылы ауыстырып тиеледі. «Құрық порты» серіктестігінің бас директоры Серік Ахметовтің айтуынша, порт түбін тереңдету Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында жасалып жатқан ауқымды жоба.
Серік ахметов, «Құрық порты» серіктестігінің бас директоры:
- Өзіңізге мәлім, соңғы 5 жылда Каспий теңізі жағалаудан біраз шегініп кетті. Бұл, Құрық портының кеме қабылдау қабілетіне кері әсер етті. Сол себепті кешенді жұмыс жоспары түзіліп, жағалау түбін тереңдету басталды. Жобаның екінші кезеңін келер жылы аяқтау жоспарланған. Бұдан соң Құрық порты Каспий теңізінде ең түбі терең су айлағы болады деп күтіледі. Өткен 7 айда Транскаспий халықаралық көлік бағытымен жүк тасымалы 62%-ке өсті. Жалпы көрсеткіш 2,5 млн тоннаны құрады.