Елімізде 2023-2025 жылдары 369 жайлы мектеп салынады

2023-2025 жылдары республика бойынша 369 заманауи мектеп салынады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жұмыстар мектеп және оқушы орындарының тапшылығын шешуді көздейді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске асады. Нәтижесінде 740 мыңға жуық оқушы орыны ашылады. Жобаның алғашқы кезеңі саналатын 2023 жылы 217 мектептің құрылысы басталса, екінші кезеңде, яғни, 2024-2025 жылдары 152 білім ошағы салынбақ.

Ұлттық жоба аясында жүзеге асып жатқан 369 жайлы мектептің 163-і ауылдарда, ал 206 білім ошағы қалаларда салынады. Сөйтіп, 2025 жылы елде 300 оқушыға арнап 68 мектеп, 600 орындық 85, сосын 900 орындық 54 білім ошағы ашылады. Бұдан бөлек, 1200 орындық 70 мектеп және 1500 оқушыға арналған 38, 2000 орындық 52 және 2 500 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі.