Шолпан ауылының бақшасын бұршақ жайпап кетті

Дәл өнім жинап, жаз бойғы еңбектің пайдасын көрем деп отырған Шолпан ауылының шаруалары шығынға батты, деп хабарлайды 24KZ.

2 апта бұрын бұршақ жауып, егістіктегі өнімді түгел бүлдірген. Миллиондап несие алғандар енді жергілікті биліктің көмегіне зәру.

Алмас Сәдуақасов биыл 4 млн теңгеге жуық несие алып, 20 гектарға қауын-қарбыз еккен. Бірақ бақша дақылдарын түгел бұршақ ұрып кеткен. Шаруа: «Шығынға батып, бір жылға күнкөріссіз қалдық», – деп отыр.

Алмас Сәдуақасов, шаруа:

- Пісіп тұрған қарбыз түкке жарамсыз. Бұны енді ауылдың малы кіреді де, солар жейді. Мен енді «поляны» тастадым. Енді Үкіметтен тек қана сол несиені жауып беретін көмек сұрап отырмын. Енді басқа істейтін шара болмай тұр. Бір жағынан іш те күйіп бара жатыр, не істерімді білмей отырмын.

Дәл қазір мен тұрған аумақ – 20 гектар қауын-қарбыз алқабы. Дәл осындай бірнеше шаруа қожалығының өнімі қазір жарамсыз болып тұр. Бұршақ ұрып кеткен қауын қарбызды жай ғана қозғасаң, осылай езіліп жатыр. Бұзылған өнімнің иісі де қолқаны қабады.

Айша Базарбекова отбасымен түгел ала жаздай алқапта еңбек етеді. Биыл қауын-қарбыз егіп, мол табысқа кенелуді мақсат еткен. Бұршақ жаңбыр бір-ақ күнде өнімін тып-типыл етті.

Айша Базарбекова, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Жылда дәл осы кезде бала-шағаның бәрі қауын-қарбызымызды тиеп, абыр-сабыр болып жататын. Биыл, міне, тіршілігіміз тоқтап қалғандай. Ақылы оқитын баламыз бар. Соның оқуын төлейміз деп отырған едік. Қаншама жоспарымыз болған. Сол жоспарымыздың бәрі күл-талқан болды.

Күнкөрісін қара жерден тауып жүргендер әкімдік өкілдерін шақыртқан. «Егер бақша дақылдары сақтандырылмаса, шығын өтелмейді», – деп отыр олар. Жалпы Үржар ауданында 1500 гектар жерге бақша қауын-қарбыз егілген.

Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аталған өтініштер ҚР заңнамасына сәйкес қаралып, жауап беріледі. Бүгінгі күнде шаруа қожалықтарына кеткен залалдың бір бөлігін өтеу бойынша заңда көрсетілмеген. Мейіржан шаруа қожалығына қатысты біз бүгінгі күнде банкпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оларға қызметтік хат жолдадық. Банк: «Бұл мәселелерді қараймыз», – деп отыр.

«Егер банктер оң шешім шығарса, онда несиені өтеу мерзімі бір жылға шегеріледі. Бұдан басқа ешқандай жеңілдік берілмейді», – дейді жергілікті билік өкілдері. Дегенмен шығынға батқан шолпандық шаруалар: «Үкіметке хат жолдаудан басқа амалымыз жоқ», – деп отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.