Солтүстік өңір қысқа дайындалып жатыр

Петропавлда жылыту маусымына дайындық қызу, деп хабарлайды 24KZ.

Көп жұмыстың бірі – қазір көпқабатты үйлердің құбырлары тазартылып жатыр. Одан әрі жоғары қысымға төзімділігі тексеріледі.

Жалпы қалада 200-ден астам көпқабатты үй қысқа дайын. Бірақ бұл орталықтан жылытылатын үйлердің бестен бір бөлігі ғана.   

Петропавл қаласының орталығындағы мына үйді мамандар бір күнде тексеріп шығады. Жылыту жүйесін тазалап, құбырлардың жоғары қысымға төзімділігін анықтайды. Жалпы көпқабатты үйдің қысқа дайындығын пәтер иелері бірлестігінің төрағасы қадағалауы шарт. Төрайым Гүлнәр Кәрібаева: «Жылу сақтау шараларына аса мән береміз», – дейді.

Гүлнәр Кәрібаева, пәтер иелері бірлестігінің төрайымы:

- Біздің үйлерде жылуды жоғалтпауға тырысамыз. Яғни, подъезд терезелері қымталады. Кірер есік пен шатырдың есігінің жақтауларындағы резеңкелерін тексереміз. Тұрғындар да пәтердегі ескірген құбырлар мен жылыту жабдықтарын жазда ауыстыруы тиіс. Жоғары қысыммен тексергенде осал   тұстары анықталады.

Гүлнәр Кәрібаева көпқабаты 7 тұрғын үйге жауапты. Қазіргі таңда барлығы да тексеруден өтіп, жылыту маусымына әзірлігі туралы паспорт алған.   «Жалпы қаладағы 1232 көпқабатты үйдің қазір 200-ден астамы қыс мезгіліне дайын», – дейді мамандар.

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жалпы дайындық бізде өткен жылғы жылыту маусымы біткен кезде басталады және де қазіргі таңда тамыз айы. Әлі уақыт бар. Қазір мына түгел КСК төрағалары бұл жұмыстарды пысықтап жатыр.

Петропавл қаласындағы  1170 үй орталық жылуту жүйесіне қосылған. Жергілікті билік өкілдерінің жоспарына сәйкес көпқабатты үйлердегі қысқа дайындық жұмыстары күз жеткенше аяқталады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Наталья Волкова, Төлеген Иманов.