Алматы мен Атыраудағы бейнекамераларға бет-әлпет тану жүйесі енгізіліп жатыр

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, Бас прокуратура сот төрелігінен жасырынған адамдарды іздестіру шараларын күшейтті. Биыл прокурорлар халық көп шоғырланатын жерлердегі бейнебақылау камераларына мониторинг жасап, 53 қашқынды ұстады. Қазір бұл жұмысқа жасанды интеллект қосылды.

Саян Әбденов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

- Мемлекет басшысының жасанды интеллектінің жедел дамуын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап Бас прокуратура Алматы мен Атырауда қашқын қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткендерді автоматты түрде тану бойынша ЖИ элементтерімен 60 мың бейнебақылау камерасына өзінің іздестіру IT әзірлемесін қосты. Бейнеаналитика – бұл бақылау камералары мен ЖИ-дің бейнеағындарындағы компьютерлік алгоритмдерді қолданатын интеграцияланған компонент.

Бейнекамераларға жасанды интеллект орнатылғалы бері тергеуден жасырынған 2 күдікті мен жоғалған 2 адам танылды. Ақылды жүйе жас пен сырт келбеттің өзгеруіне қарамастан адамдарды тез тауып, іздеу шараларын едәуір жеңілдетеді. Осыған байланысты прокурорларға озық бағдарламаны барлық өңірде енгізу тапсырылды. Қазір 9 мыңнан астам адам іздестіріліп жатыр. Оның ішінде 2 мың 200-і – қылмыскер, тағы 2 мыңы – із-түзсіз жоғалғандар. Қалғаны – салығы мен қарызын өтеуден жалтарып жүрген борышкерлер мен күдіктілер.