Шымкентте 5 шағынауданға оптикалық интернет тартылды
Шымкентте 5 шағынаудан талшықты оптикалық интернетпен қамтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Қала іргесіндегі Наурыз, Самал-2, Асар-2-ге кең жолақты желіні тарту үшін антенна-мачталық құрылғы орнатылып, базалық стансы іске қосылды. Нәтижесінде 5 мыңнан аса абонент жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды. Байланыс операторымен келісімшартқа отырғандарға интернет тегін орнатылады. Жобаны іске асыру үшін қалалық цифрландыру басқармасының өкілдері 6 инвестормен меморандумға қол қойды. Сондықтан орталықтан шалғай аумақтарға интернет жеткізу компания есебінен жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аймақтағы 147 білім беру ұйымында интернет жылдамдығы секундына 150 мегабитке дейін жоғарылады. Биыл тағы 15 тұрғын үй алабына интернет желісін тарту жоспарланып отыр.
Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:
- Провайдерлерді инвестор ретінде атап, меморандум түзіп, өздерінің жеке есептері негізінде соғылып отырған дүние. Мемлекеттік және жергілікті бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбеген. Біз әртүрлі жер телімдерін рәсімдеу, инфраструктура мәселелері бойынша қолдау жұмыстарын жүзеге асырамыз. Бұл өзінің тиімділігін берді. Көріп отырғандарыңыздай, 50-ден астам тұрғын алаптар оптикалық интернетпен қамтамасыз етілді.