Запастағы офицерлер әскерге қайта шақырылды

Елде 3 мыңға жуық отандасымыз әскери оқу-жаттығу жиындарына шақыртылды, деп хабарлайды 24KZ.

Олар – кезінде Отан алдындағы борышын өтеп, запасқа шыққан офицерлер. Енді жауынгерлер 1 ай көлемінде әскери өмірдің қыр-сырын қайта меңгеріп, ұрыс жүргізудің заманауи тәсілдерін теория және практика жүзінде оқиды.

Майор мен лейтенанттар. Бұлардың барлығы – кезінде Отан алдындағы борышын өтеп шыққандар. Қазір қолдарына қайта қару алып, казармада тұрып, ұрыс жүргізудің заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп жүр.

Ерлан Нұралин, Құрлық әскерлері қолбасшылығының басқарма бастығы:

- Бұл офицерлер – басқару органдарының жауынгерлері. Қажеттілік туындаған жағдайда барлығы да мобилизацияланып, қойылған тапсырмаларды орындайды. Әскери қызметтегі жаңашылдықтармен әрдайым танысып отыру үшін осындай жиындар ұйымдастырылып отыр.

Елордадағы бұл оқу-жаттығу жиындарына 50 адам шақырту алған. Барлығы да офицер шенінде. Дені университет қабырғаларындағы әскери кафедраны тәмамдаған. Шақырылғандардың орташа жасы 26-27 аралығында.

Нұржан Олжабай, әскери жиынға қатысушы:

- Мен оқуды 2019 жылы бітірдім. Қазір 5 жылдан кейін әскери жиынға шақырылып тұрмын. Өз еркіммен келдім. Негізі қызық. Осындай жиындар жиі-жиі болып тұрса жақсы. Кафедрада оқыған балалар біраз нәрсені ұмытып қалады. Осындай жиындар біраз нәрсені еске түсіріп, жаңа ағында үйреніп алуға болады.

Айта кету керек, жиын барысында барлығы да Қарулы Күштердің толыққанды мүшесі болып есептеледі. Барлығына да тиісті киім-кешек, тамақ беріліп, медициналық қызмет көрсетіледі. Бұрынғы жұмыс орны да сақталады. Яғни жалақылары да төленеді.

Ерлан Нұралин, Құрлық әскерлері қолбасшылығының басқарма бастығы:

- Барлығының да жалақылары сақталады. Неге? Өйткені жиын аяқталғаннан кейін бұл офицерлер өздерінің бұрынғы жұмыс орындарына барады. Осы бір ай ішінде оларға орташа жалақы төленеді. Ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі айлық беріледі.

Жалпы мұндай жиындар елде жылына бірнеше рет өткізіледі. Қатысушылардың да қатары артып жатыр. Командирлердің сөзінше, бұндай оқу-жаттығулар жауынгерлерді әрдайым қалыпта ұстап тұру үшін қажет.

Авторы: Риат Шони.