Жол құрылысындағы жемқорлық: 65 құқықбұзушылық анықталды

Кейінгі 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жол құрылысы саласындағы 65 жемқорлық құқықбұзушылықты анықтады.

Олар бойынша мемлекетке шамамен 9 млрд теңге залал келтірілді. Бұл жайында агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифингте мәлімдеді. Қазір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүріп жатыр. Мамандар ағымдағы автожол құрылысына мониторинг жүргізіп жатыр. Ел бойынша 217 учаске қамтылған. Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар. Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жауапты тұлғалар бекітілген. Мәселен, мониторинг нәтижесінде Батыс Қазақстан облысындағы «Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолын салу кезінде бұзушылықтар анықталып отыр.

Данияр Бигайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Талдау барысында бірқатар бұзушылық анықталды. Бүгінгі күні қажетсіз қайталама жұмыстарды, күтпеген шығыстарды, оның ішінде сметалық пайданы қосу есебінен сметаны асыра бағалауға байланысты жүйелі жемқорлық тәуекелдері 15 өңірде белгіленді және ол шамамен 6,9 млрд теңгені құрады.