Қостанайда апатты жағдайдағы 110 үй сүріледі
Қостанай қаласында көктемгі тасқыннан кейінгі апатты жағдайдағы үйлерді бұзу жұмыстары басталды.
Барлығы Тобыл өзені жағалауына жақын 110 баспана сүріледі. Қалған 104 үй жөндеуге жарамды деп танылған. Ал болшақта қала басшылығы бұл аумақты толық босатып, демалыс орындарын салуды жоспарлап отыр.
Бірінші күні Қостанай қаласының Колесный ряд ауданындағы апатты жағдайдағы алғашқы жеті үй сүрілді. Одан кейін кезекте көршілес тұрған Ольга Қонысбаеваның баспанасы. Баспана деген атауы болмаса, құр қаңқасы қалған. Біз барғанда ол іске татиды ау деген материалдарды жинастырып жүр екен. Жүзінен баспанасының жаңарғанына қуанышты екені сезіліп тұр.
Ольга Қонысбаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Қонай шағын ауданынан жаңа үй берді. Аумағы 80 шаршы метр, он сотка жері бар. Бәрі тамаша. Бастапқыда бірнеше ұсыныс айтылған. Біз Қонай шағын ауданында жеке үй салып беруін қаладық.
Қаланың өзенге жақын Колесный ряд бөлігінде екі жүзден астам үйді су басты. Соның жартысына жуығы апатты жағдайда деп танылды.
Баспанасыз қалған тұрғындардың 94-не қаладан пәтер берілсе, 14-не жаңадан үй салынды. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрлан Әміровтің айтуынша, апатты жағдайдағы үй иелеріне дүние-мүліктерін жинап әкетуге мұрсат берілген.
Нұрлан Әміров, Қостанай қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Жалпы бұзылатын үйлердің саны 110. Қазір 93-інің документі құжаттары жиналған. Орташа бір үйге 1 миллион 700 мың бөлінген. Бір күнде негізі 5-6 үй постутилизация жасап отыр. Бізде жоспарда 1 октябрь айына жалпы бәрін түгел утилизация жасау.
Ал енді жөндеуге жарамды деген үйлерді қалпына келтіруге мемлекеттік бюджеттен алты жүз миллионннан астам қаржы бөлінді. Бірақ кейін ол үйлерді коммуналдық меншікке сатып алуы мүмкін. Қала әкімі тұрғындармен кездесуінде осыны ескертті.
Марат Жүндібаев, Қостанай қаласының әкімі:
- Бұл үйлерді су басуы биыл бірінші емес. Сондықтан аумақты қауіпсіздендіру үшін келер жылдан бастап, тұрғындарды басқа жерге қоныстандырамыз. Жағалауға жақын сексен шақты үй қалып отыр. Оларды сатып алып, иелеріне жаңа баспана алуына мүмкіндік жасаймыз.
Құрылыс нысандарынан босаған учаскелерде бірден зарарсыздандыру, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Болашақта бұл жерде саябақ, демалыс орыны пайда болады деген жоспар бар.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров