Алматыда жылыту маусымына дайындық қыркүйекте аяқталады
Алматыда алдағы жылу беру маусымына дайындық қыркүйек айының соңында аяқталады.
Ал білім беру нысандары орналасқан аудандарда барлық жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін бітіру жоспарланған. Қазіргі уақытта құбырлар қалпына келтіріліп, сынақтан өтуде. Шаһардағы жылу құбырларының ұзындығы 1385 шақырымнан асады. «Алматы жылу желілері» мекемесі мамандарының айтуынша, мегаполистегі жылу трассаларының жартысынан астамының пайдалану мерзімі әлдеқашан біткен. Мәселені шешудің жолы - қалпына келтіру. Биыл қаладағы 20 шақырым жылу магистралі қалпына келтіріледі. Алдағы үш жылда тағы 114 шақырымы жөнделмек. Қазіргі таңда «Алматы жылу желілері» кәсіпорнының 450 мың жеке және 16 мың заңды тұлға болып саналатын абоненттері бар. Ал 9 мың тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтуға қосылған.