Өзбекстаннан Сырдариямен 3,9 млрд текше метр су келді

Өзбекстан Қазақстанға жарты жыл ішінде Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберуге уәде еткен еді, деп хабарлайды 24kz.

Өзбек ағайын бұл уәдесін 4 айда артығымен орындап, 3,9 млрд текше метр су жіберді. Енді суғару маусымы аяқталғанша тағы 1 млрд текше метр су жібермек. Яғни, оңтүстіктегі егіс алқаптарын суаруға тіршілік нәрі толық жетеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір Шардара су қоймасында 2,6 млрд текше метр су бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда 689 млн текше метрге артық. Жалпы осы уақытқа дейін Шардараға 5 млрд текше метрге жуық су келді. Өз кезегінде Шардарадан Сырдарияның төменгі ағысына 3,6 млрд текше метр су жіберілді. Осылайша, өзенге былтырғы көрсеткішке қарағанда 950 млн текше метр су артық құйылды. Оның 400 миллионы Кіші Аралға жетті. Су шаруашылығы және ирригация министрлігінің өкілі Данияр Сағадиев «артылған су теңізге оң әсер етті» дейді.

Данияр Сағадиев, ҚР СРИМ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:

- Кіші Аралды сақтау үшін 13 шақырым платина тұр. Кіші Аралды біз сақтадық. Кіші Арал бүкіл Аралдың 20%-ін құрайды. Өте аз. Кіші Аралды сақтау үшін жылына 3 млрд келу керек Сырдариядан. Орташа алсақ, келіп жатыр. Бір жылдары аз болады. Енді ол судың келуіне байланысты.

 

Өзбекстан және Қырғызстанмен келісім жасалды

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі көрші елдердің жауапты органдарымен трансшекаралық өзендер жөнінде мәмілеге келген еді. Сол келісім бойынша Өзбекстан «Достық» каналы арқылы 922 млн текше метр су жіберуге міндеттелді. Ал Қырғызстанмен Шу өзені арқылы 180 млн текше метр, Талас өзені арқылы 380 млн текше су жіберу туралы келісім жасалды.

«Достық» каналы – 922 млн м3

Шу өзені – 180 млн м3

Талас өзені – 380 млн м3