Жол апатынан көз жұмған жігіттің ағзасы 4 науқасқа трансплантталды
Елде жол апатынан көз жұмған жігіттің ағзасы 4 науқасқа трансплантталды, деп хабарлайды 24KZ.
Дәрігерлердің айтуынша, барлық операция сәтті аяқталды. Донорлық көмекке марқұмның туыстары келісім берген. Денсаулық сақтау министрі оларға алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
Жантүршігерлік жол апатына түскен Максим небәрі 18 жаста еді. Ол – Түркістан облысының тумасы. Оқыс оқиға салдарынан бас-ми жарақатын алған. Бірнеше тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатыпты. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Кейін туыстарынан марқұмның ағзасын өзге науқастарға алуға рұқсат сұраған.
Евгения Юнусова, марқұмның әпкесі:
- Інім ауруханаға өте ауыр халде түсті. Дәрігерлер қолдан келген көмекті жасағанын айтты. Артынша ми тіндері өлгенін хабарлады. Сондықтан оның ағзасын донорлыққа пайдалануды ұсынды. Бізде ойланатын көп уақыт болған жоқ. Ауыр жағдайда тұрсақ та бір түн ішінде шешім қабылдап, келісім бердік.
Туыстарының келісімінен соң дәрігерлер жедел операцияға кірісті. Марқұмның жүрегі, өкпесі, бауыры мен 2 бүйрегі алынды. Ол ағзалар жағдайы мүшкіл 4 науқастың өміріне араша болды.
Жанболат Ділдәбеков, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының басшысы:
- Жүрегін Шымкент қаласындағы кардиоцентрға тасымалдадық. Бір бүйрек Астана қаласында 16 жастағы балаға салынды. Бауыры Алматы қаласына ұлттық ғылыми хирургия орталығында салынды. Бір бүйрек біздің облыстық клиникалық ауруханасында Тараз қаласының азаматына салынды. Қазір науқастардың барлығының жағдайы жақсы.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова марқұмның туыстарына көңіл айтып, донорлыққа келіскені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады. Дәрігерлердің айтуынша, жыл басынан бері елімізде 5 мәйіттік донор тіркеліп, 19 ағза трансплантталған.
Жанболат Ділдәбеков, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының басшысы:
- Мысалы, бүйрек жетіспеушілігі бар, бауыр жетіспеушілігі бар. Бауыр жетіспеушілігі деген – бауыр циррозы. Ол ішке сары су жиналады. Ондай науқастар қан құсады. Олар әрең жүрген науқастар. Кез келген уақытта өлім қаупі бар. Жүрек шамасыздығы деген, мысалы, тіпті 10-20 метр жүрген кезде ентігіп, жүре алмайды. Сондай науқастарға жүрек салынады.
Денсаулық сақтау министрлігі қазір елімізде отандық трансплантологтарды даярлау деңгейі жоғарылағанын айтады. Сондай-ақ салаға халық тарапынан да қолдау арта түскен.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Өрден Жарқын