Алматыда 2030 жылға дейін 20 жаңа кітапхана ашылады
Оның басым бөлігі қаланың шет жағындағы аудандарға орналасады, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар саябақтар мен сауда орталықтарында кітапхана павильондары мен аппараттары қойылады. Яғни көпшілік кофені өзімен бірге алып кеткен сияқты кітапты да бірге ала кетуіне жағдай жасалады. Оны тегін алады. Оқып болған соң кез келген кітапханаға қайтарады. Елімізде мұндай креативті жобаны алматылықтар алғаш болып ұсынып отыр.
Бұл – Алматыдағы Чехов атындағы кітапхана. Мұнда оқимын деген адамға барлық жағдай бар. Мәселен, көзі нашар көретіндер осы компьютерге отырады. Ол мониторды ыңғайына қарай қараңғы немесе жарық етіп, шрифты үлкейтіп, кішірейте алады. Түсін өзгертеді. Зағип жандар үшін де арнайы бағдарлама бар. Олар Брайль шрифті арқылы оқиды. Құлағы нашар еститіндер кітаптың бетін сканерден өткізіп ести алады. Ал көзі қарақты оқырмандар үшін 3 кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді. Тағы бірнешеуінде өзіне-өзі қызмет көрсету аппараты орнатылған. Солардың бірі – Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы.
Бану Дәулетбаева, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі:
- Оларға электронды оқу билеті берілген. Электронды оқу билеті арқылы кез келгені келіп осы жаңағы аппаратқа цифрландырылған оны қойған кезде өзіне қажет кітапты көрсетіп тұрады. Аппаратқа жақындатқан кезде бізде бар кітаптың тізімі шығады. Сол тізімнен сіз өзіңізге керек кітапты таңдап ала аласыз, тапсырыс бере аласыз.
«Алматы кітапханаларына» 28 мекеме қарайды. Биыл олардың орталықтандырылған жүйеге біріктірілгеніне 40 жыл толды. Ондағы кітап қоры 1 млн 300 мыңнан асады. Қазір кітаптарды цифрлық форматқа көшіру қарқынды жүріп жатыр. Ал қаладағы ең алғашқы кітапхана 1858 жылы ашылған. Қазіргілері түгелдей жаңғыртудан өтіп, жайлы оқу залдары пайда болды. Мамандар Оңтүстік Корея, Германия және Швейцариядан тағылымдамадан өтіп келді. Солардың бірі – Надежда Тен.
Надежда Тен, кітапханашы:
- «Алатау креатив хаб» деген 24/7 жұмыс істейтін кітапханада терраса ашылды. Ол біздің сол Кореядан көрген террасамыз болды. Уют комфорт дейді ғой. Кореяда соған қатты мән береді екен. Ол террасада бүкіл жағдай жасалған. Ашық аспан астында кітап оқи алатын осындай жаңа жобаны алып келдік.
Алматы кітапханаларына 900 мыңнан астам оқырман тіркелген. Биылғы дерек осындай. Жалпы келіп-кету көрсеткіші үш миллионға жеткен. Қазір сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда кофені өзімен бірге алып кететін сияқты кітапты да қолтыққа қыстыра кету тәсілі ұсынылып жатыр. Ол үшін арнайы аппарат қойылады.
Құндыз Нәбидоллақызы, №14 кітапхана меңгерушісі:
- Ол жерге оқырмандар өзі келіп, сол жерде аппараттың ішінде кітап тұрады Өзінің жеке оқырман билеті арқылы кітаптарды үйіне алып кете алады. Яғни кітапханаға келмей-ақ алуға болады. Қазіргі таңда ол бір-ақ жерде орналасқан. Болашақта метрода, басқа ойын-сауық орталықтарында орнату көзделіп отыр.
Жыл соңына дейін мегаполисте тағы 3 кітапхана ашылады. Оған кітапты үйден тапсырыс беріп, шабарман жеткізіп беруші арқылы алдыру жағы қарастырылып жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов