Көкшетаудағы жылу қазандықтары жаңартылып жатыр
Көкшетаудағы жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары 90% аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір тозығы жеткен жылу құбырлары жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Себебі келер айдың ортасынан бастап қалаға жылу беріле бастайды.
Көкшетаудағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 180 шақырымнан астады. Қазір соның 43% ескірген. Мамандар: «Оларды жыл сайын біртіндеп ауыстырып жатырмыз», – дейді. Бірақ әр жылы шамамен 1 шақырым ғана желі жаңарады. Сондықтан биыл Үкімет резервнен қосымшы 555 млн теңге бөлінді.
Талап Егінбаев, коммуналдық мекеменің бөлім жетекшісі:
- Бүгінгі таңда Үкімет резервнен бөлінген қаржыға үйлердің аулаларында орналасқан жылу желелерін ауыстырып жатырмыз. Жалпы есепте 6 шақырымнан астам желі жаңартылады. Қазір біз Ғабдуллин көшесінің бойындағы жылу құбырларын ауыстырып, жөндеп жатырмыз.
Қазір қаладағы Әшімов пен Ғабудуллин көшелерінің қиылысында құбыр ауыстыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда бұрынғы апатты жағдайдағы жылу желілері толықтай жаңартылады. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесі де тексеріліп, тазаланып жатыр.
Жәнібек Қасымов, коммуналдық мекеменің бас инспекторы:
- Тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі инженерлерлік желілерді тазалап жатырмыз. Себебі көп үйлерлердің жылу жүйелері әбден бекітіліп қалған. Менің учаскемде көпқабатты 57 тұрғын үй бар. Қазір олардың 80-90% тексерістен өтіп, дайындық құжаттарын алды.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, құбырлардың тозғанымен қоса қалада жыл сайын жаңа көпқабатты үйлер де тұрғызылады. «Бұл да жылудың жақсы таралуына кері әсер етеді», – дейді коммуналдық мекеме өкілдері. Иә, соңғы жылдары шаһардағы халық саны өсіп, 200 мыңға жуықтады. Сондықтан жарты ғасыр бұрын салынған жылу қазандығын жаңартып отырмаса, қуаты жетпейді.
Данияр Ақыбаев, коммуналдық мекеменің бас инженері:
- Қазір жылу қазандықтарының қосалқы бөлшектерін жаңартып жатырмыз. Жалпы жөндеу жұмыстары 80-90% аяқталды. №2 және №3 бу қазандығында жөндеп жатырмыз. Барлық жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. 15 қыркүйекке дейін аяқтаймыз.
Жалпы биыл жылыту маусымына 325 мың тонна көмір қоры қажет. Ал қатты қара отын осы айдан бастап жылу қазандықтарына жеткізіле бастайды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.