Түркістанда жолдың кепілдік мерзімі белгіленбеген
Әкімдік пен мердігер арасында жасалған кейбір келісімшартта кепілдік мерзімі көрсетілмейді.
Мұны құзырлы органдар анықтады. Сөйтіп жол салған, әлеуметтік нысан құрылысын немесе басқа да жұмыстарды атқарғандар жауапкершіліктен құтылып кетіп отырған. Енді қалай мұның алдын алуға болады? Мамандар қайтті?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мамандары өңірдегі мемлекеттік сатып алу порталының жол құрылысына қатысты жұмысына талдау жасды. Тексеру кезінде кепілдік мерзіміне қатысты кемшіліктер шыққан. Мәселен, Түркістан қаласы мен Бәйдібек және Қазығұрт аудандарында әкімдік пен мердігер арасында жасалған жалпы құны 850 млн теңгені құрайтын 10 шартта кепілдік мерзімі көрсетілмеген. Бұл біріншіден - тапсырыс беруші мен орындаушының ақша жымқыруына қолайлы болса, екіншіден - мердігердің жауапкершіліктен жалтаруына оңай болатынын айтады.
Нұрболат Нұрбеков, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаментінің превенция басқармасының офицері:
- Сол кемшіліктерді анықтау барысында мониторг нәтижесімен ұсыныс беріліп, аудан, қала әкімдерімен, басқарма тарапынан ұсыныс енгізіліп, күрделі жөндеу жұмыстарына кемінде 7 жылды, ал орташа жол құрылысы жұмыстарына 5 жылға кепілдік мерзімді енгізіп қойдық. Бұл құрылыс сапасына кепіл мерзім болғандықтан мердігер тарапынан жауапкершілік күшейтіліп, жолдың сапасы артатын болады.
Осылайша әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жол құрылысының сапасын жақсартуға бағытталған кепілдік мерзімінің бірыңғай жүйесі белгіленді. Жолға жауапты мамандар бұл жол сапасын жақсарту мен бюджет қаржысын үнемдеуге өз септігін тигізетінін айтады.
Қайрат Фазылов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл өз кезегінде тапсыр беруші үшін өте тиімді. Себебі 10 жыл көлемінде нысанда қандай да бір кемшілік анықталған болса мердігер мекемеге қатысты, олар өз қаражаты есебінен қалпына келтіретін болады. Бұл бюджеттің шығынын айтарлықтай үндемдеп, мемлекетке пайда келтіреді.
Жаңа жүйе жол салушыларға қалай әсер етті? Олар бұл жаңалықты қалай қабылады? Біз жауапты мамандармен бірге «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы 4 жолақты жолдың 3-бөлігінің құрылыс алаңына барып, мердігер мекеме өкілдерінің ойын білдік.
Үсен Орманов, учаске басшысы:
- Жолдың негізгі құжаттамасына сәйкес, 5 жыл - біздің жауапты мерзіміміз. Уақытша тағы да уақытты созып, мерзімін өзгертуін алдағы уақытта көре жатамыз. Жұмыс сапалы, әрқашан технозормен және жол басқармасының, зертхананың тексеруімен, қабылдауымен, рұқсатымен жасалып жатқан жұмыстар.
Құрылыс басына «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» мамандары да келіп, асфальт жабындысының қалыңдығын тексеріп көрді. Ұлттық сапа орталығының мамандары жыл басынан бері облыс аумағында жөнделіп жатқан жолдарға жүзден аса тексеру жүргізіп, кеткен кемшіліктерді жоюға ұсыныс берген.
Дәулет Керімов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" облыстық филиалының инженері:
- Ақаулар мен кемшіліктер тіркелді. 19 кемшілік анықталды. Қазіргі таңда оның екеуі жойылды. Қалғандарында қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Материалдарды ауыстыру жұмыстарын жүргізеді. Асфальт жамылғысы болса, оны алып тастап, қайтадан салады.
«Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы күре жолдың жалпы ұзындығы 64 шақырым. Биыл ұзындығы 17 шақырым болатын 3-бөлігі аяқталады. Соңғы 4-бөлігі келесі жылы тапсырылады деп күтілуде. Айта кетейік, биыл облыста 244 нысан, яғни 1100 шақырым жол жөнделіп жатыр. Оның 368 шақырымы облыстық маңызы бар, ал қалғаны - ішкі жолдар.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш