Абай облысында су қоймасының құрылысы тоқтап тұр

Қарақол су қоймасының құрылысы биыл да қолға алынбады.

Үржардағы гидронысан құрылысы 80-жылдары басталып, сол күйі аяқсыз қалған. Ал оған таяу Таскескен, Шолпан, Қара-қол және Сағат ауылының шаруалары жылда су тапшылығына тап болады.

Таскескен ауылының тұрғындары жыл сайын су қоймасының мәселесін көтереді. Жексенбі Нұркенов осы күнге дейін талай есіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Қарақолдағы су қоймасы ұзаққа созылған құрылыстардың қатарында тұр.  

Жексенбі Нұркенов, ауыл тұрғыны:

- Источник осы Қарақол өзені. Алдыңғы жылы осы өзен құрыған кезде Таскескен,Қарақол Шолпан ауылында су деңгейі түсіп кетті.Егер де мына өзен тартылып қалатын болса үш ауыл көшуге тура келеді. Есептеңіздер 1200 дей отбасы қаладан кім үй алып береді. Үлкен кісілер біз қалай барамыз анау қалаға. Бұл қазір көтеріліп келе жатқан ең күрделі мәселе. 

Нысан іске қосылса осы маңайдағы 15 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыруға болады. Бұған қоса жоба бойынша шағын су электр станциясын салу көзделген болатын. Яғни бірнеше ауыл арзан электр қуатымен қамтылар еді.

Тасболат Қайырбеков, ауыл тұрғыны:

- Облысқа неше әкім келді, соның келіп көрмегені жоқ. Жылда көреді. Ойбай ақша бөлінеді жасалады дейді. Сонымен міне қала береді. Даже қолмен алатын құдықтағы судың өзі тартылып қалып отыр. Егер бұл жасалса бұның келешегі өте зор. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Қарақолдағы су қоймасының сыйымдылығы шамамен 55 млн текше метр. Яғни бұл нысан іске қосылса мына тұрған сай түгелдей суға толады. Бірақ су қоймасының құрылысы өткен ғасырдың 80-жылдары басталып сол күйі аяқсыз қалған. Жақын маңдағы ауыл-аймақ тұрғындары негізінен қауын қарбыз өсіреді. Жылда су тапшылығынан қиналады.

Мақсұтбек Абдуллин Таскескен ауылының тұрғыны. Шамамен 10 га артық жерге қауын-қарбыз егеді. 70 жастағы ақсақал ауылдағы қаншама шаруа су тапшылығының кесірінен кәсібін тастап, жерін сатқанын айтады.

Мақсұтбек Абдуллин, шаруа:

- Кейінгі міне он жыл болды постоянно қиналамыз. Су тапшылығы болып тұр, өте керемет тапшылық енді. Биыл алла көмектесіп жақсы жақсы жауын жауған соң мына жер қазір өсіп тұр.Әйтпегенде баяғыда қурап қалушы еді. Былтыр алдыңғы жылдары қурап та қалған еді сабақтары. 

Жақында ел астанасынан су қоймасын көруге Су ресурстары және ирригация министрі келген еді. Сала басшысы Абай облысында 5 су қоймасы салынады деді. Олардың қатарында Қарақол су қоймасы да бар.

Нұржан Нұржігітов, Су ресурстары және ирригация министрі:

- Былтыр қараша айында мен ол жерде болдым. Әрине біз жасап жатқан жұмыстардың ішінде ол бірінші кезекте тұр. Біз оны қайта қалпына келтіруіміз керек. Биыл біз жобалық-сметалық құжатты әзірлейміз. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінгеннен кейін 2025-26-27 жылдары біз жаңғырту жұмыстарын аяқтауымыз керек.

Нұржан Нұржігітов Қарақолдағы су қоймасын жаңғырту жобасының сметалық құжаттары биыл жасалады деді. Яғни Үржар, Ақсуат және Көкпекті аудандарында салынатын гидроқұрылымдар құрылысы 2024-2030 жылдарға жоспарланған.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы