Қарақұрттан қалай құтыламыз?

Баянауылдағы Торайғыр демалыс аймағы қарақұрттың ошағына айналды.

Улы өрмекшілерді биологиялық жолмен жоюға ұлттық парктің күші жетпейді. Бірақ аудан табиғи сипатта төтенше жағдай жариялауға асығып отырған жоқ. Оған себеп не? Қарақұрттан енді қалай құтыламыз?

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Торайғыр көлінің жағалауын қарақұрт жайлап барады. Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің қызметкерлері аптасына екі-үш рет келіп, осы жерде қауіпті өрмекшілерді жою жұмыстарымен айналысады. Олардың айтуынша әрбір үшінші тастың астынан қарақұрттың ұясы табылып жатыр. 

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым және мониторинг бөлімінің қызметкері Динара Күншуақова бұл жерге күнара келеді. Айтуынша көлдің жағасындағы екі жарым шақырымнан астам жерді қарақұрт басқан. Бұл жерге әсіресе балықшылар көп келеді. 

Динара Күншуақова, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым және мониторинг бөлімінің жетекшісі:

- Ұлттық парк аумағында биологиялық құрал бойынша біз осылай қарақұрттардың жұмыртқаларын жинап, қарақұрттардың аналығының өзін басып өлтіреміз. Мынау жалғыз коконның ішінде 300-ден 600-ге дейін қарақұрттардың жұмыртқалары бар. Олар үш жұмадан кейін өздері шығады кішкентай қарақұрттар. 

Бүгінгі күні жүз гектардан аса аумақ қарақұрттың ошағына айналыпты. Аса улы жәндікті теріп шығуға ұлттық парк қызметкерлерінің шамасы жетпейді. Сондықтан жергілікті әкімдіктен көмек сұрап отыр. Ал Торайғыр ауылдық округінің әкімі Мұқтар Молшин демалушыларға тек ескерту жасаудан басқа амал жоқ дейді. 

Мұқтар Молшин, Торайғыр ауылдық округінің әкімі:

- Халықты насихаттап, түсіндіріп жатырмыз. Біздің ауылға енді білесіздер жаз, маусым айында туристер көп келеді демалушылар. Солардың сақтығы керек бізге. Сондықтан осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ақпараттық тақталарды қойдық, шомылуға болмайды, мына жақта жүруге болмайды деп сондай. 

Ұлттық парк қызметкерлері Баянауылда қарақұрттың пайда болғаны туралы былтырғы жылдың шілде айында дабыл қаққан еді. Содан бері өз күштерімен күресіп келеді. Енді міне жағдай ушығып, туристердің өміріне қауіп төне бастады. 

Аждар Жүсіпов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы:

- Біз қарақұрттың кокондарын жинап үлгере алмай жатырмыз. Ғылыми қызметкерлерден тұратын топ жұмыс істеп жатыр. Кейде алпыс адамға дейін келіп қолмен жинап кетеміз. Бір келгенде екі жүзге тарта қарақұрттың ұясын табамыз.

Қарақұрттың көбеюі сақтық шараларын күшейтуге міндеттейді. Әзірге улы өрмекшіден зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қарақұрт шаққан жағдайда қолданылатын препарат алу үшін министрлікке хат жолданғанын мәлімдеді. Табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланған кезде ғана химиялық өңдеу жүргізілуі мүмкін.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков