Ақмола облысында миллион тоннадан астам шөп орылды
Ақмола облысының шаруалары 1 млн тоннадан астам шөп орды.
Бұл азық аймақтағы мал басына артығымен жетеді. Дегенмен жем-шөп жинау науқаны әлі де жалғаса бермек. Тек жауын-шашын ғана қолбайлау болып тұр, - дейді шаруалар.
Егіндікөл ауданындағы бұл серіктестік қазір бас-аяғы 20 мың гектар алқапты игеріп отыр. Оның 18 мың гектарына егін сепсе, қалған 2 мыңы - шабындық жер. Серіктестік басшылығы, биыл олжалымыз, - дейді. Себебі шөбі шүйгін алқаптан қазір мол өнім жиналып жатыр. Бірақ жауын-шашын жұмысқа кедергі келтіріп жатқанын айтады.
Бақтияр Ысқақов, серіктестік директоры:
- Көріп отырғандарыңыздай, маяларды үйіп отырмыз. Әлі де үлгере алмай жатырмыз. Неге десеңіз ауа-райы жаңбыр жауып жинатқызбай жатыр. Оны кептіру керек. Кептірмесек сақтай алмаймыз.
Зеренді ауданында да шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Жергілікті шаруалар бір жарым жылдық шөп қорын дайындауға ниетті. Қазір мұнда құнарлы жерлер де гектарына он центнерден астам шөп алынып жатыр. Мәселен, Ақкөл ауылының шаруасы Ғалихан Ахметжанов өз жұмысшыларымен бірге күніне елу орам мал азығын дайындайды.
Ғалихан Ахметжанов, шаруа:
- Биылғы шөп өте керемет. Шөптің шығымы да өте жақсы, сапасы да жақсы. Бәрі ойлағандай болып жатыр. Биыл шөп қалың, құнарлығы керемет. Соны аман-есен жинап алсақ, сол біздің малға азық болады деп ойлаймын.
Қазір аймақта шабындық жерлерден бөлек арнайы шөп егілген алқаптар да бар. Биыл осындай алқаптар 28 пайызға кеңейтіліп, 421 гектарға жетті. Сондай-ақ шаруаларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі.
Кенеш Әлімжанов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Шөп жинайтын шаруаларға арнайы жеңілдетілген бағада жанар-жағармай бөлінеді. Нақтырақ айтсақ, литріне 250 теңгеден ала алады. Ол үшін олар алдымен өтінім беру керек. Ал шөп жинауға субсидия берілмейді. Бұл туралы жергілікті шаруа қожалықтарының иелеріне айтылды.
Биыл өңірдегі мал азығының бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге арзандаған. Қазір аймақта бір орам шөптің құны 5 мың теңге. Ал шөп жинау науқаны егін орағына дейін жалғасады. Қазір қажетті шөп қорының 90 пайызы жиналды. Бірақ қысы қаһарлы аймақта жем-шөптің қай кезде де көптік етпесі анық.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный