Ұйымдасқан қылмысқа қатысты 36 іс тіркелген

Биыл елімізде ұйымдасқан қылмысқа қатысты 36 іс тіркелді.

Оның үшеуі трансұлттық топтар бойынша. Қазір бұл ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері тергеліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сай, 150-ден астам адам жауапқа тартылған. Көлеңкелі экономикамен күрес бағытындағы шаралардың нәтижесінде де заң бұзушылықтар анықталды. "Мемлекетке 11 млрд теңгеден астам залал келтірілген" дейді мамандар. Сондай-ақ, адам саудасына қатысты 37 факті анықталып, оның ішінде 9 адам ұрлау және бостандығынан айыру қылмысының жолы кесілді.

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы:

- Таяу шет елдердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, шетелдік қылмыстық элементтерге тосқауыл қойылды. Олардың біздің елге ену әрекеттері дер кезінде тоқтатылды. Қазақстан аумағында олардың қатысуымен қылмыстық қақтығыстарға жол берілмеді. ҰҚК-мен бірлесіп, Шымкент қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарында аса қауіпті төрт қылмыстық топ өкілдерінің қызметі тоқтатылды.